Саяхаттан қандай базарлық әкелген дұрыс - МАГНИТ па, ДӘМ бе?

0
6 267

Шындығында, олай емес.


Саяхаттан қандай базарлық әкелген дұрыс - МАГНИТ па, ДӘМ бе?

Шетел сапарынан оралғанда сыйлыққа магнит әкелу, оны тоңазытқышқа жапсыру сәні қашан және қайдан пайда болғанын білетіндер аз. Әйтеуір, әлемнің қай түкпіріне барсақ та, соның бір бөлшегі ретінде сөмкеміз магнит кәдесыйларсыз қайтпайды. Оны келген соң туыс-достарға таратып, мәз-мейрам қылдық деп ойлаймыз.

Расында солай ма?

Шындығында, олай емес.


Біріншіден, магнитті кәдесыйлардың басты қызметі – барған жер, басқан тауыңыздан естелік болып қалу. Яғни, ол сіз үшін естелік. Сіз басқан жерді баспаған, сіз жүрген жермен жүрмеген туысыңыз үшін емес. Сондықтан, магнит алғыңыз келсе, өзіңіз үшін ғана алып, өз тоңазытқышыңыздың бетін ғана толтырған жөн.


Екіншіден, магнитті жапсырма – жетістіктің, жеңістің белгісі емес. Қайсыбір елге барып-қайтқаныңызды мақтан тұтқыңыз келсе, магнит көмегіне жүгінсеңіз болады, әрине. Ал, «мен мында болдым, мында бардым» деген мазмұндағы мақтаныш сөзге жаныңыз қас болса, оның да қажеті шамалы.


Үшіншіден, қай елден сатып алсаңыз да, ол кәдесыйдың жасалған жері Қытай болуы әбден мүмкін. Сондықтан, оның бойында сатылып жатқан елдің энергетикасы, мәдениеті, құндылығы болмайды. Сансыз көшірме, сапасыз уақ-түйек қаншалықты қажет?

Магнитті кәдесыйдың қадірі бастапқы әсер басылғанша ғана. Одан кейін жай тоңазытқыш бетіндегі шаң жинайтын қоқыс, пластикалық бір бөлшек болып қалады. Құр ақша шығыны деп атаудың төртінші себебі – осы.


Бесінші себеп – магнитті кәдесыйды көп адам талғамсыздыққа балайды. Яғни, сіз сыйлықты қандай да бір жақыныңызды қуанту үшін әкелмедіңіз. Жай ғана міндет деп санағандықтан, стандартты сыймен құтылғыңыз келді де, көп бас қатырмастан бірнеше дана магнитті кәдесый сатып ала салдыңыз. Ол сәтте сіздің ойыңызда не болғаны өзіңізге мәлім, алайда, дәл осылай қабылдаушылар бары рас.



Қандай сыйлық орынды болар еді?

Ешқандай әсер сыйламайтын жансыз металл бөлшегінің орнына мынадай дүниелерді ұсынған дұрысырақ болар.


Ұлттық дәм

Барған еліңізде сол өңірде ғана дайындалатын, шет елдерге аты шыққан, белгілі бір жердің ұлттық асы саналатын дәм міндетті түрде табылады. Олардың ішінен ұзақ жолға шыдамды, бұзылмайтын әрі кеденнен өткізуге болатын түрлерін таңдап алып, өзіңізбен әкеліңіз. Елге келген соң жақындарыңызға ауыз тигізсеңіз, сол ғанибет болар еді.


Кәдеге жарайтын бұйым

Жай ғана тоңазытқыш бетін толтырып тұратын магниттен көрі, күнделікті өмірде кәдеге жарайтын ұсақ-түйектер әлдеқайда пайдалы болар еді. Мәселен, ел атауы жазылған қақпақ ашқыш, саптыаяқ, кесе, бәкі, тағысын тағылар. Оны іздеп табу үшін артығырақ уақыт жұмсауыңыз мүмкін. Алайда, ұсынғанда ұялмайсыз әрі жақыныңыздың да риясыз алғысына бөленесіз.

Әрине, қандай сыйлық берсеңіз де, бастысы – көңіл. Бірақ сол көңілді де дұрыс білдірген абзал.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


АҚШ пен ҚЫТАЙ жақын жылдарда әлем картасынан ЖОЙЫЛУЫ мүмкін