​ТУРИЗМ ШЫНДЫҒЫ: ойдан шығарылған көрнекті орындар

0
3 732

Мұндай мекендерге ақша құртып барар ма едіңіз?


​ТУРИЗМ ШЫНДЫҒЫ: ойдан шығарылған көрнекті орындар

Жер-жерден жиналатын қызыққұмарлар мен саяхатшыларға ерекше әсер сыйлау үшін туризм саласы мамандары кейде жалғандыққа да барады. Енді ше, бұл жай ғана ауадан күреп ақша табудың бір жолы ғой. Ел құлағын елең еткізер аңыз таратып не көз қарықтыратын көркі бар нысан салсаңыз болғаны. Ел танып, жер көруге жаны құмарларды магнитше тартады. Олармен ілесіп көп-көсір қаражат та келеді. Бүгін осындай ойдан шығарылған не қолдан құрастырылған, сөйте тұра туристер арасында кеңінен танымал болған көрнекті орындармен танысып көрелік.


Шерлок Холмстың үй-мұражайы


Шерлок Холмс – Артур Конан Дойлдың детективті көркем туындысында дүниеге келіп, аты көпке танылған кейіпкер. Детективті фильм жанрын сүйіп тамашалаушылардың да табынушысына айналған. Осыны ұтымды пайдаланғысы келген ағылшындар Шерлок Холмс «өмір сүрген» үйді жасақтап қойған. Нысан сыртына тура көркем шығармадағыдай «Бейкер-Стрит, 221Б» табличкасын ілуді де ұмытпапты. Ал, нысан қызметкерлері болса атақты із кесушінің осында өткізген күндері жайлы шебер құрастырылған ертегісін баяндай жөнеледі.

Алайда, шын мәнісінде мұндай мекенжайдың ешқайда тіркелмегенін, ешқандай Шерлок Холмстың өмірде болмағанын ересек кісілердің көпшілігі біледі. Сөйте тұра, ойдан шығарылған кейіпкер мен оның қолдан жасалған үйін көргісі келетіндердің саны аз емес.


Джульеттаның балконы


Ромео мен Джульетта да – Шекспирдің қиялынан туған, қаламының жүйріктігі, ойының ұшқырлығының арқасында қалың оқырманның сүйіктісіне айналған кейіпкерлер. Өмірде болмағаны ақиқат. Әйтсе де, Италиядағы Верона қаласына барған қонақтардың басым көпшілігі қос ғашық тілдескен балкон мен Джульеттаның қабіріне соқпай қайтпайды. Бұл да кезекті қолдан жасалған көрнекті орындар.

ХІІІ ғасырда салынған үй бірнеше рет жөндеуден өткізіліп, құрылысы аздап өзгертіліп, нәтижесінде «Джульеттаның балконы» аталатын мұражай-үйге айналған.


Ұйқыдағы алқап


Америкалықтар да туристерді алдап шақырудың шебері іспетті. Оған дәлел – «Ұйқыдағы алқап» нысаны. 1820 жылы жазушы Вашингтон Ирвингтің «Ұйқыдағы Алқап жайлы аңыз» атты новелласы жарық көреді. Кейін осы шығарма желісімен Тим Бертон фильм түсіріп, ол көптеген көрерменнің көңілінен шықты.

ХІХ ғасырдың соңында АҚШ-тың Солтүстік Тарритаун аталатын қалашығының әкімі елдімекеннің тіршілігін жандандыратын бір тәсіл ұсынады. Ол – қалашыққа «Ұйқыдағы алқап» атауын беріп, Ирвингтің еңбегінде айтылған нысанға айналдыру, сол арқылы туристер тарту болатын. Әкімнің ойлағаны артығымен орындалды. Расында да көп ұзамай «Ұйқыдағы алқаптың» оқырмандары мен көрермендері ағылып келе бастапты.


Дракула қамалы


Граф Дракула – кезекті бір көркем шығарма кейіпкері. «Туған елі» – Румыния. Әйтсе де, румындар ғана емес, бүкіл әлем таниды. Танығандықтан да Брашов қалашығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бран қамалына жол тартатын турист көп. Себебі, дәл осы нысанды жергілікті туризм мамандары Граф Дракуланың мекені болған деген аңыз таратып, ел құлағын сендірген. Тіпті, кей туристер мұның ақиқат екеніне сенбесе де, ойдан шығарылғанын білсе де, мәңгі өлмейтін қансорғыштың қызықты да шытырман хикаясының атмосферасын сәл де болса сезіну үшін барудан бас тартпайды екен.


Колумбтың туған үйі


Христофор Колумб – әлі күнге дейін саяхатшылардың атасы әрі табынушысы дәрежесін сақтап келеді. Сондықтан да, оның туған жеріне барып, туған үйін өз көзімен көргісі келетіндердің қарасы мол. Әйткенмен, тарихшылар оның туған жері жайлы нақты айғақты деректі әлі күнге тапқан жоқ.

Осыны ұтымды пайдаланып, кәдесіне жарату арқылы қалтасын қомпайтқысы келетіндер Колумбтың «туған үйін» тауып, оны елге таныстырып әлек. Нәтижесінде, бүгінгі ақпараттарға сенсек, атақты теңізшінің онға жуық «туған үйі» бар. Олардың алтауы Италия мен Испания жерлерінде болса, біреуі Генуяда. Әйтсе де, «Бұл қалай?» деп бас қатырып жатқандар аз. Бәрі де шынайы болсын-болмасын, аяғы жеткен жердегі Колумбтың дүниеге келген, балалық шағы өткен ыстық ұясын көруге асық.


Лох-Несс көлі


Ойдан шығарылған кейіпкердің арқасында көпке танылып, туристік орталыққа айналған тағы бір орын бар. Ол – Шотландия жеріндегі Лох-Несс көлі. Осы көлді мекен ететін жаратылысы жұмбақ сырға толы құбыжық жайлы аңыз болмаса, аты шығар ма еді, шықпас па еді – беймәлім. Ал қазір онда сапар шегетіндердің қатары тым қалың.

Өмірде жоқ құбыжықтың атын пайдаланып, мұнда көптеген нысандар жұмысын жандандыруда. Жергілікті қонақүйлер, мейрамханалар, су көлігін жалға беретін мекемелер мен туристік агенттіктер – бәрінің де табыс тауып, ел экономикасына кіріс келтіруіне тікелей әсер етіп жатыр. Сатылып жатқан сувенирлер мен кескіндердің де санында есеп жоқ. Бәрі де ұтымды ойластырылған аңыздың арқасы.

Аталған мекендер жайлы ел аузынан түрлі қызық әңгімелер естіп, баруды армандап жүрсіз бе? Ендеше, алдымен жақсылап бір ойланып алыңыз. Ойдан құрастырылған, алыпқашпа әңгіме негізінде пайда болған нысандар үшін ақша құртуға дайынсыз ба? «Солай-ақ бола берсін, бір барып көрмесем, болмайды» десеңіз, ерік өзіңізде, әрине. Қалай болғанда да, туризм саласы мамандарының еңбегінің арқасында қайталанбас әсер алатыныңыз анық.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


"0 ЖҰЛДЫЗды" ҚОНАҚҮЙде демалғыңыз келе ме?


ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫБЫ: ішінде асау ӨЗЕН, тұтас ОРМАН орналасқан ҮҢГІРді білесіз бе?