Түркияға саяхат жасағыңыз келсе, білгеніңіз жөн

0
29 408

Түркияға саяхат — көктем-жаз мезгілдеріндегі туристік бағыттардың көшін бастайды. Бұған себеп — жылы теңізі, жұмсақ құмы, жоғарғы класты қызмет, сәнді әрі сапалы таураларға толы дүкендері, ерекше көрікті, тарихи мекендері мен дәмі тіл үйіретін асханасы.


Түркияға саяхат жасағыңыз келсе, білгеніңіз жөн


Астанасы: Анкара

Ресми тілі: түрік тілі

Валютасы: түрік лирасы

Сағат айырмашылығы: Астана уақытынан -3 сағат

Ұшу уақыты: шамамен 4,5-7 сағат.

Түркия Еуропаның оңтүстік-шығысы мен Кіші Азияда орналасқан. Елдің тамаша демалыс аймағына айналуына себеп болған — төрт теңізі. Солтүстігінде — Қара теңіз бен Мәрмар теңіз, батысында — Эгей теңізі, ал оңтүстігінде Жерорта теңізі жатыр. Сондай-ақ, аумағында бірнеше өзендер мен тұзды көлдер кездеседі.

Түркияға саяхат — көктем-жаз мезгілдеріндегі туристік бағыттардың көшін бастайды. Бұған себеп — жылы теңізі, жұмсақ құмы, жоғарғы класты қызмет, сәнді әрі сапалы таураларға толы дүкендері, ерекше көрікті, тарихи мекендері мен дәмі тіл үйіретін асханасы. Түркия елі өзінің бай тарихымен, мәдени мұраларымен, ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімен және тілмен айтып жеткізе алмастай табиғатымен әйгілі.

Түркияда демалу үшін Қазақстан азаматтарына виза әзірлеудің қажеті жоқ. Әуежа йда шетелдік төлқұжатқа Түркия аумағында 30 күн болуға құқық беретін белгі қойылады.

Түрік жерінде тынығуға ең қолайлы мезгіл — мамыр-қазан айларының аралығы. Осы уақыттарда ауа райы шуақты күнімен, ал, табиғат жылы суымен қуантатын болады. Келушілер саны шамадан тыс асатын шақ — шілде. Бұл ай елдегі ең ыстық әрі адам аяғы көп болатын уақыт. Қазанның соңынан сәуірдің ортасына дейін елде туристер азырақ болады. Есесіне, дәл осы айларда Турцияға турпакетті ең төменгі бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.

Демалыс орнын қалай таңдау керек?

Түркиядағы барлық жағалаулық курорттар ішінде ең танымалы — Анталия. Түркияның ірі тарихи-мәдени орталығы Анталия өзінің сәулетті қонақүйлерімен, спорт кешендерімен, сауық үйлері және сәнді бутиктерімен бағалы. Мұнда келушілер үшін ерекше көрікті орындарды аралап шығуға мүмкіндік беретін экскурсия ұйымдастырылады.

Анталиядан 40 шақырым қашықтықта Белек курорты орналасқан. Мұнда да түрлі елдерден келген туристер тоғысады. Үлкен аумақты алып жатқан кең жағажайдағы жайлы, көк желекке оранған қонақүйлердің көпшілігі 5 жұлдызды болып келеді.

Кемер — табиғаты көзді арбайтын, адамды өзіне еріксіз баурайтын курорт. Әсіресе, жердегі жұмақ бұрышын іздеген жастар мен ғашықтарды магнитше тартады. Курорт ұлттық парк аумағында орналасқан.

Қалтадан көп қаржы шығармай, алайда жақсы демалуды қалайтындар таңдауы Алания курортына түседі. Мұнда жиналатын — көбіне жастар. Алания элиталық қонақүйдегі дәулеті мен сәулеті келіскен демалысқа емес, драйв және естен кетпес оқиғалар сыйлайтын сауық-сайранға шақырады.

Көркем табиғат пен заманауи дамыған инфрақұрылым үндестік тапқан, қалтаға аса салмақ түсірмейтін тағы бір демалыс орны — Фетхие.


Түрік жерінің батыс шетінде орналақсан Бодрумнан Грекияның ықпалы қатты сезіледі. Ол елдегі өзге демалыс аймақтарынан осынысымен ерекше.

Стамбул — елдің туристік орталығы. Дәл осы қаланы аралай жүріп, ежелгі дәуірлерге саяхат жасағандай күй кешуге болады. Заманында Византияның астанасы болған шаһарда әр тасы тарихқа тұнған көне ғимараттар көп.

Елдегі ең кең таралған қатынас көлігі – автобус. Алайда, олар көбіне толып жүреді. Жол жүрудің жайлы болғанын қаласаңыз, такси қызметіне жүгініңіз. Алайда, 24:00 мен 06:00 аралығындағы түнгі уақытта тарифтің екі еселенетіні есіңізде болсын. Күндіз долмуш деп аталатын бағыттық таксилер қатынайды.

Ауылдық не таулы аймақтарда жергілікті халықты суретке түсіру үшін алдымен өзерінен рұқсат сұраңыз. Өйткені, түрік азаматтары арасында адамдар мен жан-жануарлар бейнесін қағазға түсіруді құп көрмейтіндер бар.

Дайындаған: А. Бектұрғанова

ERNUR.KZ