Ата-анасынан жастай айырылған Айсұлу 13 жасында тұрмысқа шыққан. Бүгінгі күнде көп балалы ана атынған келіншек Қазақстанға Ираннан көшіп келген.
“Мен тұңғышымды 14 жасымда өмірге әкелдім. Аллаға шүкір, 12 балам барына қуанам. Күйеуім бар. Ол ауырып жүр. Табылған жұмысты істейміз. Астанадан жақында балам келді. Ол жақта жұмыс істетіп, жалақысын берер кезде қуып жіберіпті”, – дейді Айсұлу.
Айсұлудың кенжесі 8 айлық. Тұрақты жұмысы жоқ келіншек көбіне кеңселерді жуып ақша табады.
“Мен ақша сұрамаймын. Бізді аяғанын, талқыға салғанын қаламаймын. Осынша балам барына қуанам. Маған жақсы жұмыс болса екен деймін. Бәрінің өмірде қиындығы болады. Бұл да өтеді. Көпшілік не себепті сонша бала тудың деп сынайды. Өзім үшін тудым. Алланың қалауымен саналы етіп балаларымды тәрбиелеп, еліне қызмет ететін адам болады”, – дейді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда олар жеке үйде тұрып жатыр. Әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен отбасының жағдайына көпшілік бей-жай қарай алмады. Олар бір кәсіпкердің назарына ілігіп, оларға тұратын үй берген.
Дереккөз: Stan.kz