"350 құрттан бастадым": Шымкенттік жас кәсіпкер шылаушын өсірумен айналысады

0
4 743

Бүгінде бұл калифорниялық шылаушынның санын 150 мыңға жеткізіп, оларды сатуды өз кәсібіне айналдырған.


Шымкент қаласының тұрғыны калифорниялық құрт өсірумен айналысуда. Бұл ерекше жобаны қолға алғанына небәрі жарты жыл болса да, бауырымен жорғалаушылардың санын 150 мыңға жеткізген.

"Алматы қаласында жүрген кездің өзінде 350 құрттан бастағанмын. Одан кейін мен Ақтөбе қаласына магистратураға түскен болатынмын. Онда оқып жүргенімде бұл құрттар көбейіп, оқуды аяқтап келгенімде құрттардың саны 10 мыңға жетті. Олардың көбею процесі тез болғандықтан, менің қызығушылығым ояна бастады. Осылай, бастаған ісімді кәсіпке айналдырғым келді", - дейді жас Ильяс Икрамов.

Шағын кәсіпті дөңгелетіп жүрген Ильястың айтуынша, калифорниялық құрттарды өсіру арқылы экологиялық тыңайтқыштарды жасау туралы Ақтөбе қаласындағы оқу орнында дисертация қорғаған екен. Ең қызығы, дисертациялық жұмысын бизнес жобаға айналдырған. Қалай дейсіз бе?

"2019 жылдың тамыз айында Шымкент қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 21 күндік курс оқыдым. Осы шылаушынды өсіру арқылы бизнес бастау жобамды сәтті қорғап шығып, 505 мың теңге грант ұтып алдым. Алда қыс келе жатқандықтан, жылыжай салдым. Өйткені, бұл құрттар суықта өліп қалады. Енді міне құрттардың санын көбейтіп жатырмын. Ол кездің өзінде менде 40 мыңға жуық құрт бар еді. Ал, қазіргі кезде 150-170 мыңға дейін жеткіздім", - дейді ол.

Калифорниялық қызыл құрттардың ластанып жатқан табиғат-Ана үшін пайдасы орасан көрінеді.

"Пайдасына келсек, қазір көптеген органикалық қалдықтар далаға тасталып жатыр. Экологияны ластаудың бір себебі де сол. Егер де біз аулада өсіп тұрған талдардың жапырағын, өсімдіктердің тамырын, сабағын осы құрттарға тастасақ, шылаушындар оны өңдеп, биогумус деп аталатын биологиялық тыңайтқыштарға айналдырады. Ал, биологиялық тыңайтқыштың пайдасы өте көп. Егер сіз егін шаруашлығымен айналысып, бірақ өніміңіз нашар болатын болса, бұл тыңайтқыш оны реттеуге көмектеседі. Құрттар өңдеген тыңайтқыштарды сату арқылы, экономикалық пайда табуға болады," - дейді жас кәсіпкер.


Ильястың айтуынша, бұл құрттар тек биологиялық тыңайтқыштар өңдейтіндігімен ғана құнды емес. Калифорниялық қызыл құрттар балықшылар арасында сұранысқа ие екендігін ескерсек, оның өзін сатып та пайда табуға болады.

Ал Ильяс бұл құрттардың бір данасын 5 теңгеден сатады екен. Егер тапсырыс көлемі 10 мыңнан асатын болса, жеңілдік те қарастырған. Яғни, тапсырыс беруші 10 мыңнан артық алса, құрттың бір данасын 4 теңгеден көтерме бағамен береді екен. Әсіресе, демалыс күндері көп тапсырыс болатынын айтады ол.

Бүгінде Шымкент қалалық Аймақтық-инновациялық университетінде биология мамандығы бойынша сабақ беретін Ильяс өзі өсіріп жатқан құрттардың күтімді аса қатты қажет етпейтінін де атап өтті.


"Құрттар үшін топырақтың ылғалдылығы маңызды. Сондықтан, оларға уақытылы су құйып тұрамын. Қыстың күндері де құрттар жылы жерде болуы тиіс. Ал күнделікті тұрмыстық жағдайда пайдаланып жүрген органикалық заттардың қалдығын (картоп, сәбіз, капуста және т.б.) қоқысқа емес, құрттарға тастаймын. Бұлар күтімді ерекше қажет етпейтін бауырымен жорғалаушылар. Таңнан кешке дейін күтім жасап, уақыт кетірмеймін. Өз ісіңізбен айналысып жүре бересіз, бұлар өздігінен көбейе береді. Мал шаруашылығымен айналысатын адамдар сияқты шелектеп су тасып, олардың астын тазалап жатпайсыз. Екі күнде 10 литр су құйып құйып және көкөніс қалдықтарын тастап қоямын", - деген жас кәсіпкер өз кәсібінің бүге-шігесін де жасырмады.

Бүгінде құрттарын орналастырған жылыжай ішіндегі құнарсыз жерге осы құрттар өңдеп шығарған биогумусты араластырып, топырақты құнарландырған екен. Бұл тыңайтқыш оған егілген өнімнің сапасын 2,3 есеге дейін арттырады. Ол ғылыми түрде зерттелген.

"Тұрмыстық қажеттілікті өтеу мақсатында осы жерге егін егуді жоспарлап отырмын. Егер нәтиже жақсы болса, жылыжай көлемін арттырмақпын. Кәсіптің көлемін ұлғайтып, ауыл шаруашылықпен айналысамын деген жоспарым бар",- деген кәсіпкер өзінің келешек жоспарымен де бөлісті.

Университетте білім беретін жас кәсіпкер Ильяс Икрамов өз шәкірттеріне ерекше тактика да қолданбақ. Алдағы уақытта теориялық сабақтар барысында дәл осы жерді құнарландырудың әдіс-тәсілдерін тәжірибе жүзінде де көрсететін жоспары бар екен.

Тоғжан Бауыржанқызы,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет