​«42 мың 500 теңге үшін»: Шымкенттік әкім орынбасары халықтың неліктен карантин ережесін сақтамай жатқандығын айтты

0
1 027

Карантин ережесі сақталып жатқан жоқтығы да анық байқалып тұр.


​«42 мың 500 теңге үшін»: Шымкенттік әкім орынбасары халықтың неліктен карантин ережесін сақтамай жатқандығын айтты

Бүгін Шымкент қаласында карантин жарияланғалы үшінші күн болса да қала тұрғындары банк алдына топтала жиналуын доғарар емес. Мұның себебін анықтау үшін ERNUR.KZ тілшісі арнайы жағдаймен танысып қайтқан болатын.

Қала аумағында ауа райы жауын-шашынды болса да қаладағы Каспий банк филиалдарының алдында әлі де топ адамды кездестіруге болады. Төтенше жағдайдың ережесі сақталып жатқан жоқтығы да суреттерден анық байқалып тұр.

Каспий банктің Қалдаяқов көшесіндегі бас ғимаратының алдында адамдар басқа жақтағысына қарағанда аса көп. Өздерінің төтенше жағдай тәртібін бұзып тұрғанын жақсы білетін болуы керек, не үшін келгендерін сұрағанда «шот аштыруға» дегеннен артыққа бармады.

Дегенмен, сол арада мегаполис әкімінің орынбасары Исахов Мақсұт Пернебайұлын кездестірдік.
Қала әкімінің орынбасары Исахов бастаған бірқатар азаматтар халық көп шоғырланған банктердің алдындағы жағдайлармен танысып, адамдардың топталуын болдырмау шарасын іске асырып жатқанын айтты.
«Кеше адам көп болған... Жексенбі күні Шымкенттегі банктердің басшыларын жинағанбыз. Біз білдік, осылай боларын. Алдын ала шаралар қабылдаған болатынбыз. Халық ең көп шоғырланып жатқан - Халық банкі мен Каспий банк болды. Қазір ең көп адам осы Каспий банктің Қалдаяқов көшесіндегі ғимаратының алдында. Біз оны арнайы автобуспен Адырбеков көшесіне апарамыз. Кеше Халық банк филиалдарының алдына шоғырланғандарды да осылай жасаған болатынбыз," - дейді ол.

Соынмен қатар, әкімнің орныбасары барлығы бақылауда екенін де айтып өтіп, халықтың бұлайша топталуы 42500 теңге үшін екендігін де жасырмады.
- Мұның барлығы сол 42500 теңге үшін болып отыр ғой. 20 сандық есепшотын алу үшін... Онлайн алуға да болады, бірақ көп адам оны қолдана білмейді. Банк қосымшасына кіріп сол жерден шығарып алуға болады. Оны біле бермейді, сосын банкке келеді. Соған орай әлеуметтік желілерде де түсіндірме роликтерді жіберіп жатырмыз, - деді Мақсұт Пернебайұлы.

Әкімдік пен құзырлы органдар тарапынан атқарылып жатқан шаралардан соң енді қалада карантин ережесі қатаң сақталатындығына үміт үлкен.

Айта кетейік, Шымкент қаласында осы жылдың 4 сәуірі сағат 21-00 бастап карантин жарияланған болатын. Ал кеше әлеуметтік желі қолданушылары карантин шарттарын сақтамаған тұрғындардың банк алдына топталғанын суретке түсіріп, наразылықтарын айтып еді.