АБАЙЛАҢЫЗ, АЯҚЖОЛ! Шымкентте салынған аяқжолдар адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін

0
2 094

Шымкент қаласы Самал-1 шағын ауданы тұрғындарының айтуынша, ондағы көшелердің шетінен салынған аяқжолдармен түнде жүрген адамдардың жарақат алуы бек мүмкін.


АБАЙЛАҢЫЗ, АЯҚЖОЛ! Шымкентте салынған аяқжолдар адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін

Шымкент қаласындағы Самал-1 шағын ауданының тұрғындары көшелеріне жасалған жөндеу жұмыстарына көңілі толмайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.



Шымкенттегі Құралбай Сыздықов көшесінің тұрғындарының сөзіне сенсек, мұнда былтыр ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сол кезде жол бойынан аяқжол да салыныпты. Десе де, құрылыс барысында техникалық қауіпсіздік талаптары сақталғанына "самалдықтар" күмәнмен қарап отыр.



Себебі, өздеріңіз жоғарыдағы суреттерден байқағандай, бұл жолдармен емін еркін өту мүмкін емес. Яғни, кішкентай ғана аяқжолдың үстінен электр бағаналарын жүргізіп, жүргізілген табиғи газдың ШРП-сін да орнатқан. Тіпті, кей тұстарында сол маңдағы үйлердің әжетханасы да аяқжолдың үстіне шығып кетіпті.



Бір қызығы, көшенің екінші беті тіпті бос. Онда электр бағанасы, аяқжол, тіпті газ құбыры да өтпеген. Жергілікті халық мердігердің тым болмаса аяқжолды неге сол бетке салмағанына түсінбей дал.



Ал, Ойсыл баба көшесіндегі аяқжолдың қақ ортасына жол белгісі орнатылған. Алайда, белгі адам бойынан аспайды. Егер адам күндіз не түнде бұл белгіні байқамай соқтығысар болса, бастан жарақат алуы бек мүмкін.



Сондай-ақ, мұндағы аяқжолмен велосипедпен жүру қауіпті. Түйіскен жерлері тегіс емес.



Құралбай Сыздықов көшесіндегі аяқжолға төселген асфальттің қалыңдығы талапқа сай екеніне тұрғындар сенбей отыр.



Өйткені, төселген асфальтты жарып шөп өсіп жатыр.



Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бөлім басшысы Қайрат Баймендиев тұрғындардың шағымы бойынша аталмыш көшелердің бүгінгі хәлімен танысуға келді.


Оның айтуынша, құрылыс компаниясы көше мен аяқжолдарды құжатта көрсетілгендей салған. Яғни, мердігер мекеме тарапынан еш қателік жоқ екен.