​Әбдірахымов Шымкенттегі 3 жасар қыздың өліміне көршісі кінәлі екенін айтты

0
1 961

Ал полиция қыздың өз құсығына тұншыққан болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын.


​Әбдірахымов Шымкенттегі 3 жасар қыздың өліміне көршісі кінәлі екенін айтты

Бүгін Шымкенттің әкімі Ғабидулла Әбдірахымов жуырда өлі денесі табылған 3 жасар қыздың отбасына барып көңіл айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы әкім өзінің әлеумметтік желідегі жеке парақшасында жазды.

«Осыдан 3 күн бұрын қаламызда қайғылы оқиға орын алды. Аулада ойнап жүріп, 3 жасар Кәусар әкесінің артынан барамын деп өздерінің көршісімен бірге әкесі отырған жаққа жүреді. Қоршауды секіріп өтпекші болып, кішкентай Кәусарды жетектеген көршісі оны қолынан түсіріп алды. Талып қалған сәбиді көріп, көршісі қорқып, кішкентай сәбиді сол жерде қалдырып кеткен. Қылмыс жасаған азаматқа қатысты іс қозғалып, қамауға алынған. Ол сөзсіз жауапқа тартылады.
Іс-сапардан келісімен оқиға орнына барып, мән-жайдың барлығын анықтадым. Кәусарға қатысты ешқандай зорлық жасалмаған. Кәусардың ата-анасына көңіл айттым, сындарлы сағатта бекем болуға шақырдым. Кәусардың жатқан жері жарық болып, Алла алдынан жарылқасын! Әр бала біз үшін қымбат. Сәбилеріміздің қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Құрметті қала тұрғындары, балаларымызды сағат сайын бақылап қадағалап жүрейік!
Акімшілік және қала полициясы тиісті жұмыстарды күшейтеді. Бүгін осы мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, тапсырма беремін»,
- деп жазды ол.

Еске сала кетсек, Шымкент қаласында 21 шілде күні қараусыз ғимараттардың бірінен 3 жастағы бүлдіршіннің өлі денесі табылған болатын. Ол туралы Шымкент қаласы Полиция Департаментінің баспасөз қызметі «өз құсығына тұншығып қалған болуы мүмкін» деп мәлімдеген еді.

Алайда, қайтыс болған қыздың туыстары оның зорлықпен өлтірілген болуы мүмкін екендігін айтқан болатын. Туыс әпкесі қыздың денесі денесінің сау тамтығы қалмай көгеріп кеткенін айтқан болатын.

Ал оқиға болған көшенің тұрғындары онда араққұмарлар мен нашақорлар жүретіндігін және жергілікті билікке 12 жылдан бері айтып жағдайды оңалта алмай жатқандарын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген еді.