«Агротех Катар-2023»: Шымкент өнімдері халықаралық көрмеге қойылды

0
388

Шетелдіктер әсіресе, бал, джем, сыр өнімдеріне қызығушылық танытып, жаппай сатып алуда.


«Агротех Катар-2023»: Шымкент өнімдері халықаралық көрмеге қойылды
Шымкенттегі жергілікті агрокәсіпорын өнімдері Доха қаласында өтіп жатқан «Агротех Катар-2023» халықаралық көрмесіне қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Наурыздың 19-на дейін жалғасатын халықаралық шараға әлемнің 52 елінен делегациялар шақырылған. Шымкент тауарларына арнайы бөлінген «Ontustik onim» павильонында ет, сүт, ұн өнімдерімен қатар, сусындар, консервілер, көкөністер мен жеміс-жидектер саудалануда. Шетелдіктер әсіресе, бал, джем, сыр өнімдеріне қызығушылық танытып, жаппай сатып алуда.

Шымкенттік делегация шет мемлекеттермен әріптестік байланысты нығайту, қаланың экспорттық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында мегаполистің агро саласындағы мүмкіндіктерін таныстыруда.

Айта кетейік, елімізде Шымкент өнімдеріне сұраныс жоғары. Атап айтатын болсақ, жалпы қала аумағында қазіргі таңда 42-ге жуық қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Олар бүгінгі күні қаланың өндіріс әлеуетін арттыруда. Солардың бірі Қаратау ауданы Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан «ЭМ-НҰР» ЖШС-нің сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны. 2001 жылы өз жұмысын бастаған кәсіпорынға мемлекет тарапынан «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілген. Қазіргі уақытта өнім түрін көбейтіп, қала халқын сапалы сүт өнімдерімен қамтып отыр. Айта кетерлігі Түркияның заманауи озық технологияларымен жабдықталған кәсіпорын қазіргі таңда жылына 6600 тонна сүтті қайта өңдеп, сәйкесінше 550 тонна ірімшік өнімдерін шығаруда. Сонымен бірге 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «ЭМ-НҰР-дың» «Кашар-Пейнир», «Качотта», «Lengerskii», «Lengerskii пицца үшін» сияқты ірімшік өнімдерін Шымкенттен бөлек еліміздің басқа да өңірлерінде де сұранысқа ие. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасына да жіберілуде.