«Әлем балалар көзімен»: Шымкентте көрме өтті

0
1 509

70 оқушы қатысып, 100-ден аса туынды ұсынылды.


«Әлем балалар көзімен»: Шымкентте көрме өтті

Бүгін Шымкенттегі «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы бірлесіп «Әлем балалар көзімен» көрмесін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Балалар жылы мен Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған шараға Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 10 мектептен 70 оқушы қатысып, 100-ден аса туындыны көрмеге ұсынған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме қаладағы түрлі этнос өкілдерінің ішінен талантты бүлдіршіндердің шығармашылығын, қолөнер туындыларын насихаттап, олардың инновациялық креативті әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, бұл шара этностар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да септігін тигізбек.
Мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың бейнелеу өнері мен қолөнерге деген қызығушылығын арттыру үшін ерекше бастаманы қолға алып отырмыз. Өнерге қанат қағып келген бүлдіршіндердің бір-бірімен танысып, шығармашылық орта қалыптастырып, өзара идея алмасуына мүмкіндік беруді жөн көрдік. Қолөнер туындыларын көпшілікке көрсету арқылы жас суретшілерді жігерлендіріп, шабыт сыйлағымыз келді, - деді қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова.
Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназияның мұғалімі Салтанат Байбосынова көрмеге 3 шәкіртінің қолөнер туындысын әкелген.
Балаларды еңбекке баулып, қолөнер туындыларын жасағанды жаным сүйеді. Дәрістен тыс уақытта мектеп бағдарламасында кездесе бермейтін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, жаңа туындыларды дүниеге әкелеміз. Жуырда Ресейдегі курстастарыммен байланысып, ондағы шіркеудің безендіруінде қолданылатын поталь материалын арнайы алдырдым. Қазір осы материалмен жұмыс істеу жолдарын да үйретіп жатырмын. Көлемі 8 см х 8см ғана болатын жұмыс материалы біздің елімізде табыла да бермейді. Алайда, оны қолданған туындылар ерекше шығады, - дейді Салтанат Ертайқызы.
Жиын соңында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Бағлан Илесов көрме қатысушыларына белсенді атсалысқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, 15 жетекші мен 70 оқушы қос мекеменің арнайы мерекелік алғыс хатымен марапатталды.