​Астана және Шымкент қаласының әкімдері меморандумға қол қойды

0
1 801

Шымкент қаласының билігі Елорданың халықаралық дәрежедегі іс-шаралар өткізудегі тәжірибесін де қолдануды көздеп отыр.


​Астана және Шымкент қаласының әкімдері меморандумға қол қойды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімдігі Астана қаласының тәжірибесін еліміздің үшінші мегаполисін дамыту мақсатында қолданады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жөніндегі меморандумға 1 шілде күні өткен Жібек жолы қалалары мэрлерінің Global Silk Road атты форумында екі қаланың әкімдері Әсет Исекешов пен Ғабидолла Әбдірахымов қол қойды. «100 нақты қадам Ұлт жоспарын» жүзеге асыру аясында қол қойылған құжат екі мегаполистің әлеуметтік-экономикалық салалары, кәсіпкерлік пен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталып отыр.

Нақты айтқанда Астана мен Шымкенттің кәсіпкерлері инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыру үшін жұмылдырылмақ. Бұған қоса арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарды дамытудағы тәжірибе алмасылып, инновациялық өндірістер құрылады. Екі қала арасындағы әріптестік, сонымен қатар, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын жақсартып, тауарлар мен қызметтерді сүйемелдеуге сеп болады деп жоспарлануда. Екі тарап денсаулық сақтау саласына да инновациялық медициналық технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде ана мен бала өлімі төмендейді деп күтілуде.

Шымкент қаласының билігі Елорданың халықаралық дәрежедегі іс-шаралар өткізудегі тәжірибесін де қолдануды көздеп отыр. Осы мақсатта жергілікті мәдениет саласының мамандары Астанаға іс-сапарлармен барады. Еліміздің бас қаласы Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына арналған іс-шараларға дайындық барысына да көмектеспек.

Құрылыс, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары саласында да жаңалықтар күтіп тұр. Мысалы, астаналық жобалаушылар жергілікті мамандарға ғимараттар мен үйлердің құрылысын жоспарлаудың соңғы әдістеріне үйретеді, инфрақұрылымдық дамудың бағдарламаларын жасауға, жасыл желек пен ландшафт дизайнының жаңа технологияларын ендіруге, қала аумағын көгалдандыру мен заманауи аялдама кешендерін салуға көмектеседі.

Меморандумда цифрландыруды дамыту мен «Ақылды қала» моделін құруға баса назар аударылып отыр. Нақты айтқанда қалалық әкімдік жұмысына «Project Management» жүйесі енгізілмек. Ол мегаполисті басқаруды біршама жеңілдетіп, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының тиімділігін арттырады.

Қалалық және аудандық әкімдіктердің мамандары енді Астана қаласына жиі іс-сапармен барып, сондағы әріптестерімен тәжірибе алмасады, коучинг пен семинарларға қатысады. Мұның барлығы Шымкенттегі мемлекеттік қызмет көрсетудің электронды форматын жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға арналады.

Сарапшылар Астана мен Шымкенттің әріптестігі нәтижесінде екі қаланың дамуы жаңа белеске көтеріліп, өмір сапасын жақсартады және мегаполистерді басқарудың жаңа, тиімді моделі іске асырылады деп күтілуде.