Ата-аналар жиналысында шу шығарып, тәртіп сақшысымен жаға жыртысқан әйел сотталды

0
1 000

Сараптама қорытындысы бойынша әйелдің алкогольді ішімдік ішкені дәлелденді.


Ата-аналар жиналысында шу шығарып, тәртіп сақшысымен жаға жыртысқан әйел сотталды

Шымкентте мектепте жанжал шығарып, тәртіп сақшысымен жаға жыртысқан әйел сотталды. Екі баланың анасына қатысты қылмыстық іс Шымкенттегі әл-Фараби аудандық сотында қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде өткен ата-аналар жиналысы кезінде сөз сөйлегендердің пікірімен келіспей сотталушы әйел шу шығарған. Басқосуға мектеп директорымен қоса учаскелік полиция инспекторы да қатысқан. Тәртіп сақшысы шу шығарған ата-ананы сабырға шақырып, тыныштандырып жиналыс өтіп жатқан спорт залдан шығарады.

Мұғалімдер кабинетіне келген соң сотталушы учаскелік полицейді балағаттап, тіпті жұдырығын ала жүгірген. Ашуға мінген ананың жұдырығы тәртіп сақшысының мойыны мен ішіне тиген. Мұғалімдер ашулы ананы сабырға шақырмақ болған. Жәбірленуші полиция қызметкері шағым түсіріп, әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сол күні тағайындалған сараптама қорытындысы бойынша әйелдің алкогольді ішімдік ішіп алғаны дәлелденді. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетіндігін айтқан. Сот әйелді кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру емес, шектеу жазасын тағайындады.