Автокөлік ішінен бағалы заттар ұрлағандар құрықталды

0
1 013

Көліктің терезесін сындырып ішіндегі екі ұялы телефон, қол сағаты мен әмиян ұрлап кеткен.


Автокөлік ішінен бағалы заттар ұрлағандар құрықталды

Шымкент қалалық полиция қызметкерлері автокөлік ұрыларын ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ қалалық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылдың 14 тамызында Шымкент қалалық ІІД Әл-Фараби ПБ-не Шымкент қ. көшелерінің бірінде тұрған автокөлігіне ұрылар түскені бойынша жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Оқиға орнына келген полицейлер автокөлік жуу орнының жанында тұрақтанған көліктің сол жақ артқы кіші терезесін белгісіз тұлғалар сындырып, ішінде болған екі ұялы телефон, қол сағаты мен әмиян ұрланғанын анықтады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің «ұрлық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркелген.
Жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі шамамен 400 мыңнан астам теңгені құрады.
Әл-Фараби ПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті ретінде Түркістан облысы Ордабасы ауданының екі тұрғынын ұстады. Полицейлердің анықтауынша, күдіктілер түнгі уақыттарда автокөліктердің терезелерін сындыру арқылы ұрлыққа түскен. Күдіктілер ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап
отырған. Тергеу барысында күдіктілердің Шымкент қ. жасалынған басқа да осыған ұқсас 9 қылмыстық іске қатысы бары анықталып, дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығыны шамамен
1 000 000 астам теңгені құрап отыр.
Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты заттар тәркіленді. Күдікті тұлғалар уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.
Шымкент қалалық ІІД полицейлері автокөлік иелеріне мұқият болып, автокөліктерін күзетілмейтін және нашар жарықтандырылған тұрақтарда қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Автокөлік салонында ақша, телефон, құжат және басқа да бағалы заттарды ұмытпау керек.
Автокөлігіңізге дабыл жүйесін орнатып, күзетілетін автотұраққа қалдырыңыз. Егер де, Сіз, осындай қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» сымтетігіне хабар беріңіз.