"Бағалары 25 теңгеден басталады": Шымкентте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

0
1 561

Дәріханалар мен емханаларда 4 млн 144 мың дана дәрілік заттар бар.


Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін қатаң бақылауға алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар көтерме сауда қоймалары мен медициналық бұйым шығаратын мекемелерді аралады.
Тексеру кезінде «НПО ЗЕРДЕ» ЖШС, «АҚ НИЕТ» ЖШС, «Аптека №5», «ATAMIRAS.S» ЖШС көтерме қоймаларына барған әкім жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және жинақтау бойынша резервтік қорлармен қамтамасыз етілуіне көз жеткізді.
Өткен жылы коронавируспен күреске қолданылатын дәрілерге бюджеттен 180 млн теңге бөлінді. Биыл тағы 659 млн теңге көлемінде тұрақтандыру қорына қаржы бөлінбек. Осы жұмыстар нәтижесінде дәріханалардағы дәрі бағасы 15-30 пайыз төмендеген болатын.
Бүгінгі таңда Шымкентте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәріханалар мен емханаларда 4 млн 144 мың дана дәрілік заттар бар. Оның ішінде ыстық түсіретін, антибиотиктер, глюканаттар секілді вирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек түрі кездеседі. Бағалары 25 теңгеден басталады.
Медициналық ұйымдарда 900 млн теңгеге дәрі-дәрмек қоры, 46 941 ЖҚҚ жиынтықтары, 2 миллион медициналық бетперде, 1 014 600 медициналық қолғап дайындалды.
Қоймаларды аралаған Мұрат Әйтенов кейіннен күніне 20 мың бетперде шығаратын «Bіzhon» ЖШС-ы мекемесіне барды. Мұндағы бетперделер үш қабатты бір рет қолданылады. 2020 жылы жалпы сомасы 78 400 000 теңгені құрайтын 2 240 000 дана медициналық бір реттік бетперде өндірген.
Ал, «Экофарм» ЖШС мекемесінде көп реттік және бір реттік медициналық киімдер тігіледі. Өндіріс орны тәулігіне 2000 дана медициналық қорғаныс киімін тігуге қауқарлы. Өткен жылы сомасы 4 520 985 404 теңгеге 648 876 дана медициналық бұйымдарды шығарды. Оның ішінде обаға қарсы киімдер, көп рет қолданылатын дәке таңғыштар бар.
Аралау соңында қала әкімі «Айкөмек 109» орталығында қаладағы фарм компаниялардың және тиісті сала басшыларының қатысуымен онлайн көшпелі жиналыс өткізді. Онда фармацевтикалық мекеме өкілдерінің мәселелерін тыңдап, ортақ шешімдер қабылданды.
- Өткен жылғы қателікті қайта болдырмау үшін дәріханалар мен қала тұрғындарына барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тек дәрігер нұсқаулығымен ғана сатылуы керек. Пандемия ушыққан сәтте тұрғындар арасында дәрілерді көптеп сатып алып, үйінде сақтап, мерзімі мен сақталу шарттарын сақтамаған, өзін емдеймін деп керісінше әсер алған жайлар да орын алды. Үй жағдайында өзін емдеу, алыпсатарлық секілді мәселелер туындамауы тиіс. Коронавируспен ауырған науқастар ауруханаларда тегін ем қабылдайды. Заңсыздықтар орын алар болса басшылар қатаң жауапкершілікке тартылады. Барлығы өзімнің жіті бақылауымда болады, - деді қала басшысы.