Б.Байбек: «Шымкенттегі өрттен баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа үйден тегін пәтер беріледі»

0
866

Шымкентте көп пәтерлі үйден өрт шығып, салдарынан 45 отбасы баспанасыз қалған.


Б.Байбек: «Шымкенттегі өрттен баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа үйден тегін пәтер беріледі»

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған сапар барысында Б.Байбек қаладағы бірқатар әлеуметтік мәселелерге назар аударып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ, партияның қалалық активімен кездесіп, партиялық жаңғыру аясында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев анықтап берген жаңа міндеттер мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған басымдықтарға тоқталып өтті.

Атап айтсақ, Елбасы 21 тамызда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Сол құжатта азаматтардың сұраныстарына уақытылы жауап беру, әсіресе өңірлердегі жұртшылықпен етене жұмыс істеу мәселесіне ерекше мән берілген. Сондықтан партия бұл бағытта белсенділікті одан әрі күшейтіп, қарқынды жұмысты қолға алып отыр.

Тиісінше, осы бастама аясында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Шымкент қаласындағы сапарын Водопьянов көшесінен бастады. Себебі маусым айында бұл көшедегі №1 көп пәтерлі үйден өрт шығып, салдарынан 45 отбасы баспанасыз қалған. Сол кезде қала басшылығы отқа оранған үйдің толығымен сүріліп, орнына көп қабатты үй салынатынын және одан зардап шеккен отбасыларға пәтерлер берілетінін айтқан еді. Алайда, тұрғындар тамыз айында құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне және құжаттардың рәсімделу мәселесіне алаңдап, наразылықтарын білдірген.

Ал, бұл мәселемен әлеуметтік желі арқылы танысқан Бауыржан Байбек Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановпен бірге баспанасыз қалған тұрғындармен кездесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды «Nur Otan» партиясының тікелей бақылауға алғанын айтты. Сондай-ақ ол қазіргі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына, зардап шеккен әр отбасына жаңа үйден тегін пәтер берілетінін айтты.

«Елбасы, партия Төрағасы мемлекеттің халыққа жақын болу керектігін, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, ашық жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы да «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Сондықтан осы мәселені әлеуметтік желіден естіп, біліп, арнайы алдарыңызға келдім. Қазір қала басшылығы, партияның қалалық филиалы бұл түйткілді оңтайлы шешу үшін барлық шараны қолға алды. Біз бұл істі соңына дейін бақылауда ұстаймыз», – деді Бауыржан Байбек өз сөзінде.

Айта кетейік, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен қалалық жер қатынастары басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынған. Соның нәтижесінде бүгінде жерге орналастыру жобасы дайындалып, кадастрға келісім алу жұмыстары жүргізілуде. «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан инженерлік желілермен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама да сараптамаға тапсырылған. Алдағы қараша айында құрылысы басталатын 9 қабатты тұрғын үй 2020 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілетін болады.