Блогер Руслан Жанпейісов бас бостандығынан айрылды

0
1 531

Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің ең қауіпсіздігі төмен колонияда өтейтін болады.


Блогер Руслан Жанпейісов бас бостандығынан айрылды

Танымал блогер Руслан Жанпейісов сот үкімімен бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының үкімі бүгін, яғни 30 шілде күні шықты. Руслан Жанпейісов (құжаттағы аты жөні Раимбеков Бибарыс) Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 107 бабының 1-ші бөлігі және 378 бабының 2-ші бөлігімен кінәлі деп танылды. Жанпейісов жәбірленуші М.ні орта дәрежелі жарақаттаған, сондай-ақ билік өкілін балағаттап телекоммуникация желісіне бейнежазбаны таратқан. Сотта қылмысы дәлелденген белгілі блогер 1 жыл бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің ең қауіпсіздігі төмен колонияда өтейтін болды.

Басты сот талқылауында сотталушы Б. Раимбеков (Руслан Жанпейісов) аэрозоль бұрышымен жәбірленуші М.-нің көзіне шашып, химиялық күйік шалғаны, салдарынан жәбірленушінің көру қабілетінің төмендегені анықталған. Сонымен қатар, сотталушы қоғамдық орында полиция қызметкері К.ны жұрттың көзінше балағаттап бейнежазбаны интернет каналға жариялаған. Сот барысында Руслан Жанпейісов кісіге қасақана дене жарақатын салғанын мойындамаған.
"Жаза тағайындауда сот сотталушының бұрын да бірнеше рет заң алдында жауапкершілікке тартылғанын, бірақ одан нәтиже шығармағанын ескерді. Жәбірленушілердің де сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын беру туралы пікірі ескерусіз қалмаған. Б.Раимбековтың кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденді. Жоғарыда аталған барлық жағдайларды ескере отырып, сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау мүмкін деп санады," - деп мәлімдеді Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметі.
Сондай ақ Әл-фараби аудандық соты жәбірленушілердің талап арызын қанағаттандырып, Руслан Жанпейісовті жәбірленуші М.ге 400 000 теңге, жәбірленуші К.ға 150 000 теңге моральдық шығын төлеуге үкіммен міндеттеді.
Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.