Болашақта Шымкентті газ, ауызсумен қамтуда мәселе туындауы мүмкін

0
2 156

Алдағы уақытта Шымкент қаласын газ бен ауыз сумен қамту мәселесі пайда болуы ықтимал.


Болашақта Шымкентті газ, ауызсумен қамтуда мәселе туындауы мүмкін

Шымкент қаласында іргетасы қаланып жатқан «Шымкент сити» жобасына көгілдір отын мен ауызсу жеткізу қиындығы пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл жөнінде Шымкент қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев айтты.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатына Шымкент қаласынан сайланған Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров "Шымкент сити" жобасына барып, құрылыс жұмыстарымен танысқан болатын. Сенаторлар қаланың бас құрылысшысы Әбілсейіт Рабаевтан құрылыс барысында қандай мәселелер туындап жатқанын сұраған еді.

«Болашақта газдан проблема болады. Судан да проблема бар. Көмешбұлақтан суды қоспақпыз. Ал газды Бозарық (АГРС) станциясы жеткізіледі», - дейді Шымкент қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Байсейітұлы.

«АГРС-тің бітуіне тағы 1-2 жыл қажет. Ал суды Көмешбұлақтан тартса, ол қиын болады», - деді кезінде ОҚО әкімінің бірінші орынбасары болған, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Амангелдіұлы.

Қазір Шымкент сити шағын ауданында мемлекет тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жалға берілетін үйлер мен Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Шымкент филилалы арқылы сатылатын көпқабатты үйлер коммуналдық жүйеге қосылған. Бірақ, ол үшін шаһар басшылығы газ бен су тарататын бекеттердің барлық қуатын толық пайдалану арқылы шешкен. Сол себепті, енді бой көтеретін тұрғын үйлерді газ бен ауызсумен қамту үлкен мәселе тудырмақ.