«Бұлардың айлықтарына жетпейді»: Шымкенттік жүргізушілер ереуілге шықты

0
871

Автопарк директоры компанияның жағдайы күрделі екенін айтты.


«Бұлардың айлықтарына жетпейді»: Шымкенттік жүргізушілер ереуілге шықты

Бүгін «Shymkent Bus» автопаркінің 50-ге жуық жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Атап айтсақ, бес бағыт бойынша жүретін автобус жүргізушілері мен кондукторлары жалақыны уақытында беруді және жалақыны өсіруді талап етуде. Жұмысшылардың айтуынша, олар қазан айындағы жалақысын әлі алмаған.

«24 сағат осындамыз. Көлік жуу бар, касса өткізу бар. Таңғы сағат төртте тұрамыз. Бір күн жоспар өткізбей көрші, жұмысқа шығармайды. Біздің қадіріміз қайда? Айлығымыз қайда? Біздің бала-шағамыз жоқ па? Оларды қалай асыраймыз?», - дейді кондукторлардың бірі.

Сондай-ақ, жұмыс беруші әуел баста 180 мың теңге жалақы беруге уәде берген. Бірақ талап етушілер "қазір 60 мың теңгенің өзін жөнді ала ала алмай отырмыз" дейді.

«179 сағат жұмыс істедім. 16 ауысым. Оған 59 666 теңге шыққан. Зейнетақыға 5 666 теңге ұстады. Табыс салығын ұстады. Сонда 53 мың теңге таза қолымызға алдық. Оған қалай күн көреміз?», - дейді жүргізуші Сәкен Айтуаров.

Сонымен қатар, өз кезегінде наразы жұмысшылардың алдына шыққан компанияның бас директоры жалақыны кешіктіріп жатқанын растап, компанияның жағдайы күрделі екенін айтты.

«Маршруттардың 70 пайызы өзін-өзі өтемейді. Мұны жұмысшылардың бәрі біледі. Бұлардың айлықтарына жетпейді. Бірақ соған қарамастан кешіктіріп беріп жатырмыз», - деді «Shymkent Bus» автопаркінің директоры Елікбай Тоқбергенов.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 12 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайтын «Shymkent Bus» автопаркінде жалпы 480 жұмысшы бар. Компания 2019 жылдың 19 маусымда өз жұмысын бастаған еді.