Е.Айтаханов: «Халық әкімдеріне мұң-мұқтажын айтады, ал әкімдерде оны шешетін қаражат жоқ»

0
2 002

«Жергілікті билік, қаланың әр тұрғынына, олардың тұрғылықты мекенжайына қарамастан бірдей жағдай жасауы қажет»


Е.Айтаханов: «Халық әкімдеріне мұң-мұқтажын айтады, ал әкімдерде оны шешетін қаражат жоқ»

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов орынбасарларын, аудан әкімдерін, салалық басқарма басшыларын жинап, алғашқы жиналысын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мегаполис әкімі Ерлан Қуанышұлы мәжілістің басында аудандардың және басқармалардың жұмыс бағыттарымен танысып, ең өзекті мәселелердің бірі ретінде қаланың шалғай елдімекендерін дамыту қажеттігін басып айтты. Қажет инфрақұрылымның, атап айтқанда, сапалы ауызсу, газбен жабдықтау, электр қуаты, жол, кәріз жүйелерінің жеткіліксіздігі мәселесін жүйелі түрде шешуді талап етті. Сондай-ақ, келесі жылдың басымды бағыты ретінде қаланың шалғай елдімекендерін дамыту жайлы:

«Жергілікті билік, қаланың әр тұрғынына, олардың тұрғылықты мекенжайына қарамастан бірдей жағдай жасауы қажет, яғни, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, бұл – Елбасымыз және Президентіміздің әкімдерге қойған басты талабы», - деп ашып айтты Ерлан Қуанышұлы.

Сонымен қатар, әкім тұрғындардың мәселелерін жедел әрі сапалы шешу мақсатында аудан әкімдерінің құзыреттерін заң аясында кеңейту қажеттігін айтып:

«Аудан әкімдеріне халық мұң-мұқтажын айтып келеді, ал әкімдерде оны шешетін не құзіреті жоқ, не қаражаты жоқ. Халық аудан әкіміне Президенттің өкілі деп сеніп, үміт артып келеді. Олар қарапайым мәселені шеше алмаса, халықтың билікке деген сенімі жоғалады», - деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, қаладағы негізгі жобаларды аудан әкімдерімен алдын ала келісуді және бюджеттің тиімсіз жоспарлану фактілерін атап, бюджет шығындарын ішкі резервтерді пайдалана отырып, тез арада оңтайландыруды тапсырды. Мәжіліс соңында әлеуметтік көмек көрсету сапасын арттыру бойынша жүйелі тапсырмалар берді.