Е.Айтаханов непалдық миллиардерді құрылысты бастауға шақырды

0
683

Шымкент әкімі жұмыс үшін Shymkent City аумағынан жер беруге дайын екендігін айтты.


Е.Айтаханов непалдық миллиардерді құрылысты бастауға шақырды

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов GG Group трансұлттық корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы, непалдық миллиардер Бинод Чаудхаримен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Атап айтсақ, GG Group трансұлттық корпорациясы әлемдік нарықта өзін дәлелдеген және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, ойын-сауық орталықтарын салу, қызмет көрсету саласында белді орынға ие компаниялардың бірі әрі бірегейі болып есептеледі. Тиісінше, кездесу барысында қос тарап ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мәселесіне де тоқталды.

«Шымкент қаласы географиялық және экономикалық тұрғыдан қарасақ ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуде өте қолайлы жерде орналасқан. Климаты да ыңғайлы. Қаламызда әлемдік стандартқа сай заманауи үлгідегі сауда-логистика орталығы салынып жатқанын ескерсек, келешекте GG Group корпорациясымен тығыз жұмыс істеу баршамызға тиімді. Себебі, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп экспорттау қос тарапқа да пайдалы екені сөзсіз», - деді Ерлан Қуанышұлы.


Сонымен қатар, қала әкімі қонақ үй бизнесі әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқаратынын алға тартып, аталмыш корпорация өкілдерін біріге жұмыс істеуге шақырған қала әкімі бұл үшін Shymkent City аумағынан жер беруге дайын екендігін айтты.

Сондай-ақ, непалдық миллиардермен болған кездесуде тараптар бұған дейін өткізілген келіссөздер негізінде қалада жоспарлап отырған Happy land отбасылық ойын-сауық кешенінің іске асырылу барысын талқылап, Ерлан Қуанышұлы жергілікті билік тарапынан барлық тиісті жұмыстардың жүргізілгенін айтты және инвесторларды жобаны бастауға шақырды.


Айта кетейік, бұл жоба Шымкенттегі туризмнің дамуына үлкен үлес қосады деп күтілуде.