Е.Айтаханов: «Отандық метеорологтар биылғы қыстың суық әрі ұзақ болатынын айтты»

0
1 173

Шымкент әкімі жылыту маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды.


Е.Айтаханов: «Отандық метеорологтар биылғы қыстың суық әрі ұзақ болатынын айтты»

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы жылу беру қазандықтарының жұмыс істеу жүйесімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ең алдымен қала басшысы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан қуаттылығы 160 Гкал. болатын қазандықтың жұмысын көрді. Аталған жылу беру орталығы «Нұрсәт» ықшамауданындағы 60 көпқабатты тұрғын үй мен 8 әкімшілік ғимаратты жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.

Одан кейін, Ерлан Қуанышұлы бастаған жұмыс тобы «Солтүстік» шағынауданындағы РК-3 қазандығының және «3-Энергоорталық» АҚ-да болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Бүгінгі таңда бұл орталықтардағы қазандықтарда орташа жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. «3-Энергоорталық» мекемесі қаланың оңтүстік бөлігін жылумен және жылу сумен, сондай-ақ, қала тұрғындарын электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді.

Сондай-ақ, жылу жүйесінің дайындық барысын пысықтаған қала басшысы іс-сапарды қорытындылай келе, салаға жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың белгіленген уақытта жылумен қамтылуын міндеттеді.

Сонымен қатар, қала әкімі жылу маусымына байланысты штаб отырысына да қатысты. Жиында мектеп пен денсаулық сақтау мекемелерінің жылыту маусымына дайындығы, ішкі орам көшелеріндегі жылу жүйелерінің ағымдағы жөндеуі және қаланың тұрғын үй қорын дайындау мәселелері қаралды.

Іс-сапарында жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын күшейтуді айтқан қала басшысы отандық метеорологтардың биылғы қыстың суық әрі ұзақ болатынын айтып отырғанын ескертті. Сондықтан, жылу маусымына мұқият әрі тиянақты дайындалу қажеттігін және мұндай істе қателіктерге жол беруге болмайтынын атап өтті.