"Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды" - Шымкенттің бас имамы

0
571

Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы шариғат бойынша вакцина салдыру туралы айтты.


Бүгін Шымкент қаласының бас имамы Б.Әбдірахманов пен бас имамның орынбасары М.Естеміровтің қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы шариғат бойынша вакцина салдыру туралы айтты.
Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – деді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Әйтсе де ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген кісі зиян көрмейтіні анық, – деді бас имам.
Спикердің сөзінше, ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді.
Брифинг барысында бас имамның орынбасары Мұхамеджан Жамантайұлы вакциналауға қатысты мынадай шарттарға мән беру қажеттігін атап өтті.
Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асуы керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят), – деген, – деді бас имамның орынбасары.
Айта кетейік, жалпы, аурудың алдын алу мақсатында вакциналау – мүбах (рұқсат). Яғни қоғамда жұқпалы (вирустық) аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады.