"Қағып өлтіріп, қашып кеткен": Шымкентте іздеуде болған күдікті жүргізуші ұсталды

0
384

Жауап алу барысында күдікті өз кінәсін толық мойындады.


Шымкентте жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан кетіп қалған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

6 шілде күні Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы Қазыбек би көшесінде белгісіз жүргізуші көлік құралын басқарып келе жатып, 60 жастағы адамды қағып кеткен. Орын алған оқиғаның салдарынан жаяу жүргінші дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізіліп, көз жұмды.

Аталған факті ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі және ҚР ҚК-нің 347-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

26 шілдеде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Toyota Camry маркалы автокөлігін басқарған Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Көлік айып тұрағына қойылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жауап алу барысында күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.