"Қайырымды қала - Шымкент" еріктілері елеулі істерді жүзеге асырып жатыр

0
2 945

Шымкентте Қазақстан бойынша және тыс аймақтарда 400-ден астам ерікті мүшесі бар ұйым жұмыс атқаруда.


«ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша Ұлттық еріктілер желісінің еріктілерді қолдау орталығының ресми өкілі болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Елбасы Н.Назарбаев Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасында «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп атап өткен.

Сонымен қатар, күннен-күнге заманымыз өзгеріп жатыр, көштің басындағы елдермен тереземіз тең болып, иық тіресе жұмыс істеу үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз қажет екенін де жеткізген болатын.

Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады.

Осындай мүмкіндікті қалт жібермей өзінің қабілетін ғана емес, өзгенің де қабілетін арттыруда жұмыс жасап жүрген Шымкенттік белсенді - Данара Саранова. Ол өз ілімі мен білімін өзгелерге үйретуде.

Данара Саранова - «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі төрайымы. Сондай-ақ ол – Қазақстан бойынша «Ұлттық еріктілер желісінің» Шымкент қаласындағы өкілі, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) жобасының жастар елшісі, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Қазақстан бойынша «Ұлттық ерікті», мамандығы - Заңгер.

Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында 2020 жылы «Еріктілер жылы» деп атап өткен болатын.

Осы мақсатта белсенді Данара жұмысты қолға алып, бірқатар жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.

Оның мақсаты - еріктілердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсет отырып, өзекті әрі маңызды деген жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ еріктілер қозғалыстары мен ұйымдарын біріктіре отырып, үлкен нәтижеге қол жеткізу болып отыр.

«Мен ерікті болып студенттік шағымнан айналысып келемін. Бірқатар қоғамдық бірлестіктерде жұмыс істедім. Ал, біздің «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі 2011 жылы тіркеуден өтіп, бүгінгі таңға дейін жұмыс істеп келе жатыр. Қазіргі таңда ұйым Қазақстан аумағында және шетелдерде көшбасшылық, еркітілік және де дипломатия бағытындағы жобалармен айналысуда», - деді «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі төрайымы Данара Саранова.

Бүгінде ұйымда тұрақты 10-ға жуық қызметкер жұмыс қызмет атқарады. Қазақстан бойынша және тыс аймақтарда 400-ден астам ерікті мүшелері бар. Ұйым төрайымы қолға алған кез келген шара бойынша осы аталған азаматтар белсенді жұмысқа кірісе кететіндігін жеткізді.

Ал, Шымкент қаласында 35-тен астам еркітілері бар. Олардың жас мөлшері әр түрлі - үлкенінен жасына дейін барлық жас ерекшеліктермен толыққан.

«Ерікті болып жұмыс істеу үшін бастысы мықты мотивация қажет. Бастысы - сенің жұмыс істеп жатқан ұйымының қандай бағытта, қайда бара жатқанын білу. Істеген жұмыстың жеткен нәтижесін көре білу де жанның рахаты деп білемін», - дейді ол.

Данараның айтуынша биыл олар «Ұлттық еркітілер желісіне» қосылған және 2020 жыл - еркітілер жылына осы жылдан бастап-ақ кірісіп кеткен. Сонымен қатар, бірқатар үлкен тың жаңа жобаларды іске асыруды көздеп отыр.

Олар тек мейрам күндері ғана емес, жәй күндері Ұлы Отан Соғысы ардагерлері, тыл ардагерлеріне көмек көрсетіп, оларға жан-жақты жәрдемдесіп отырғандығын айтады.

Одан бөлек, бұл ұйым бүгінгі таңда Ұлттық еріктілер желісі айқындап берген еріктіліктің 15 бағыты бойынша бірқатар түрлерін қолға алып, жүзеге асыруда.

«Келесі жылға халықаралық және республикалық жобалар бойынша келіс сөздерді жүргізіп жатырмыз. Міне, осы желтоқсан айында «Халықаралық көшбасшылар және жастар ұйымдарының» форумы өтеді. Осы форум аясында қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың жас көшбасышлардың бас қосуында үлкен жобаларды қолға алу бойынша талқылайтын боламыз. Басым бағытты еріктілік жұмыстарына көңіл аударатын жобаларға бұратын боламыз», - дейді Данара.

«ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі 2020 жылы Қазақстан республикасы аумағындағы барлық еркіті жастармен жұмыс жасайтын болады. Оларға еріктінің қызметі бойынша басым бағыттары түсіндіріліп, оқытылады. Еріктілер таңдаған бағыт бойынша керекті дағдылар беріліп, көмек көрсетудің жолы көрсетіліп, өздерін дамытып және де біреуге көмек көрсете алатындай жағдайға жеткізбек.

«Көктем мезгілінде жаңа жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз. Қырғызстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерімен бірлесе отырып «Көшбасшы жастар керуені» атты жоба аясында Орта Азия елдерін аралайды. Онда әр мемлекет өз бағдарламасын ұсынатын болады», - дейді ұйым төрайымы Данара.

Қазіргі таңда «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі жастарды қолдау, еріктілікті дамыту, көшбасшылық қабілетін арттыру, жұмыспен қамту және дипломатиялық қарым-қатынасты күшейту бағытында жұмыс істеп жатыр.

«Біз бұрын ұйым сайтын жасатқанбыз. Бірақ жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіде отыратын болғасын, желілерде парақшалар ашып, сондай-ақ 24 сағат бойы кез келген қызметкерімізге қоңырау шалсаңыз болады. Біздің телефон нөмірлеріміз көп адамдарға білгілі. Осы байланыс арқылы бізге шығып, командамызға қосылуға тілек білдірсеңіздер болады», - дейді ол.

Сөз соңында "Біздің ұйыммен жұмыс жасаймын, көмек қолын созуға дайымын деген кез келген ерікті азаматқа есігіміз ашық", - деді Данара.