​Қазақстанда жоқ зауыт Шымкентте ашылды

0
2 594

Кәсіпорын есік-терезенің барлық қосалқы бөлшектерін шығарады.


​Қазақстанда жоқ зауыт Шымкентте ашылды

ERNUR.KZ. Кәсіпорын есік-терезенің барлық қосалқы бөлшектерін шығарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Осы уақытқа дейін кәсіпкерлер қосалқы бөлшек іздеп, шетел асатын. Бұл пластикалық есік-терезеге қажетті барлық қосалқы бөлшектерді шығаратын алғашқы зауыт. Жаңа кәсіпорын соңғы үлгідегі неміс және түріктің технологиясымен жабдықталған. Кәсіпорын жылына 6 млн. дана қосалқы бөлшек шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, қажетті өнімді түрлі түске бояп шығарады.

«Цинк, алюминий, мыс аламыз, содан замок жасап шығарамыз. Сол замоктан құйып жасаймыз. Кішігірім детальді толыққанды сырлаудан өткізіп, қорапқа саламыз. Мұндай өнімді толыққанды шығаратын зауыттар біздің Қазақстанда әзірге жоқ. Міне бүгін өздеріңіз куә болып отырсыздар», - дейді зауыт директоры Нұрқасым Ақылбекұлы.

Отандық шикізатты ұнтақ күйінде сатып алып, оны өздері құйып, дайын өнім ұсынады. Кәсіпорынның жобалық құны 1 млрд. теңге. Онда қазір 60 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның ашылуына алыс-жақын көрші мемлекеттер мен елімізден 200-ге жуық кәсіпкер келді. Олардың арасында Тәжікстанның Душанбе қаласынан келген бизнес өкілдері де бар. Қазақстандық өнім сапалы, бәсекеге қабілетті дейді олар.

Ибрагим Хасанов, кәсіпкер (Тәжікстан): «Бұл өнімдердің ерекшелігі, біздегі аптап ыстыққа төзімді, әрі суыққа да шыдамды. Сапасы өте жақсы. Қазақстандық өнімдерге бәсекелестік ортада сұраныс жоғары. Бағасы арзан да, қымбат та емес. Біз келісімге келіп, әріптестікті дамытуға ниеттіміз. Енді міне жаңа зауыт ашылып жатыр, енді біз қосалқы бөлшектерді шетелден емес, Қазақстаннан алатын боламыз».

Жыл соңына қарай екінші цех іске қосылады деп күтілуде. Ол кезде өндіріс кеңейіп, жұмысшылар саны саны екі есеге артады. Зауыт дайын өнімді Қырғызстан, Тәжістан, Өзбектанға және еліміздің барлық өңірлеріне шығаруды көздеп отыр.