«Кітапты бұрын оқыған жерден алып келіңдер»: Шымкентте жаңадан ашылған мектеп оқушылары оқулықсыз оқып жатыр (видео)

0
3 346

Ал ата-аналар мектепте кітаппен қоса мұғалімдер жетіспейтінін айтып, көңілдері толмай отыр.


«Кітапты бұрын оқыған жерден алып келіңдер»: Шымкентте жаңадан ашылған мектеп оқушылары оқулықсыз оқып жатыр (видео)

суреттер: Шымкент қаласы әкімінің баспасөзі

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты «Қызылжар» мөлтекауданындағы жаңадан ашылған мектеп оқушылары кітапсыз-ақ білім алуды бастап кетті. Ал, ата-аналар болса бұл жағдайға көңілі толмайтынын айтып, жауаптылардың уәдесіне сенбейтінін жеткізді. Аталған жағдаймен ERNUR.KZ тілшісі арнайы барып танысып қайтты.

Атап айтсақ, Шымкент қаласы «Қызылжар» мөлтек ауданындағы 900 орындық жаңа мектеп 2019 жылдың 1 қыркүйек күні қала әкімі Е.Айтахановтың қатысуымен ашылған еді. Алайда, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын, заман талабына сай жабдықталған 3 қабатты оқу орнында оқушыларға арналған кітап жоқ болып шықты. Бұл туралы аталған мектепте екі баласы оқитын Айгерім есімді тұрғын айтып берді.

«Қызылжарда ашылған жаңа мектепте балаларымыз оқитын оқулық мүлдем жоқ. Мектеп қызметкерлерінен сұрасақ, «бұрын оқыған мектептен алып келіңдер» дейді. Менің екі балам ауылдан ауысып келді, енді ауылға барып сұрау керек пе? Оның үстіне басқа мектептер өзіне жетпей жатқан оқулықты басқа біреуге береді дейсіз бе? Мысалы, кеше «№16 мектепке барып сұрадық, бірақ өздеріне жетпейтінін айтты» деген ата-аналарды да көрдік. Мектеп басшылығы «Күте тұрыңыздар, реттеліп алайық» деп анығын айтпай жатыр. Енді, бұл мәселенің қашан шешілетіні белгісіз болып тұр», - дейді балаларының біліміне алаңдаған ана.

Айгерімнің айтуына қарағанда, аталған мектеп әлі "реттеліп" алмаған көрінеді. Сонда бұл салтанатты түрде ашылғанмен әлі білім беруге дайын емес болғаны ма?


Бұл ғана емес, жап-жаңа мектептің тағы бір мәселесінің төбесі көрінді. Ел болып күткен жап-жаңа мектепке барғанымызда бірнеше тұрғындардың жиналып тұрғанын көрдік. Мектеп жұмысына көңілі толмаған жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа білім ошағында оқулық былай тұрсын, мұғалімдер де жеткіліксіз екен.

«Мына мектепте мұғалімдер жеткіліксіз. Кеше ғана 1-сыныпқа барған балаларымыздың тізімі келмеген, тіпті сынып жетекшісі кім екенін де білмейміз», - дейді мектептің мәселесін жеткізген Индира есімді көпбалалы ана.

Ал бұл мәселенің шешімін білу үшін Шымкент қалалық білім басқармасына барғанымызда ата-аналардың мазасын алған сұрақтарға материалдық-техникалық базаны дамыту бөлімінің бас маманы Байзақова Насихат Құттыбекқызы оқушылар басқа мектептерден кітабымен келуі керек екенін айтты. Дегенмен, ол мектептердің басшылығына осы уақытқа дейін ауысқан балаларды кітаптарымен бірге жіберу жайлы хат та жолданбаған көрінеді.

«Қызылжар мөлтек ауданындағы мектеп Шымкенттегі №16 және №53 мектептер 3 ауысымды және бала саны көп болуына байланысты ашылып отыр. Ол жерге ауысқан оқушылар бұрын оқыған мектептегі кітаптарымен барады. Қалалық білім басқармасы мектеп директорларына осындай тапсырма беретін болады», - дейді Насихат Құттыбекқызы.


Шымкенттің шеткі аумағы болып саналатын, соңғы кезде халық тығыз орналасып жатқан Қызылжар мөлтек ауданындағы білім ошағының жағдайы осындай болып тұр әзірге. Қалалық білім басқармасы бұл мәселені жақын арада оңынан шешеді деген үміті зор ата-аналардың.

Сонымен қатар, аталған мектепке Түркістан облысының аудандарынан келіп қоныстанып жатқан отбасылар да бар екен. Олардың оқулықтары қайдан алынатыны жайлы сұраққа қалалық білім басқармасы жауап берді.

"Түркістан олысына қарасты мектептерден ауысып келген оқушыларға оқулықты күндігінше өзге мектептерден алып беру жолдарын қарастырамыз және оны түбегейлі шешу мәселесі қолға алынатын болады", - делінген басқарма жауабында.