Кореялық құрылыс компаниясы Шымкентте тұрғын үй салуды бастады

0
1 180

Арнайы жоба бойынша кореялық компания 7 мыңнан астам пәтер болатын тұрғын үй кешенін салатын болады.


Кореялық құрылыс компаниясы Шымкентте тұрғын үй салуды бастады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Highvill Kazakhstan инвестициялық-құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесу барысында «Shymkent City» жобасына қатысты бірқатар мәселелерді пысықталып, алда атқарылатын жұмыстарды сараланды.

«Shymkent City» аумағында тұрғын үй құрылысын бастаған кореялық компания өкілдері қала басшысына атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап, тұрғын үй кешені бойынша жобаларымен таныстырып өтті.

Инвестиция құны - 1 млрд. 350 млн. АҚШ долларын құрайтын бұл жоба бойынша аталған қалашықта компания 7 мыңнан астам пәтер болатын тұрғын үй кешенін салатын болады. Бүгінгі күнге тұрғын үйлердің жер қазба жұмыстары жүргізілуде.

Шетелдік инвесторларға тұрғын үй құрылысын жүргізуде ешқандай кедергінің болмайтынын айтқан қала басшысы тұрғын үйдің сапасынан бөлек, оның сейсмикалық жағдайға да төзімді болуын ескеру қажет екенін айтты.

Айта кетейік, «Shymkent City» – мегаполистің солтүстік аймағында орналасқан, 12 орамнан тұратын шағынаудан. Онда тұрғын үй мен бизнес орталықтарынан бөлек, сауда орындары, емхана, ойын-сауық орталығы, гүлзар мен демалыс аймағы болады деп жоспарланған.