ҚР Президенті Шымкентте болашақта бой көтерер нысандармен танысты

0
2 848

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкентке келіп, қалада жаңадан бой көтеретін бірнеше жобаның жоспарымен танысты. Ірі өндіріс орындарын аралап көрді.


ҚР Президенті  Шымкентте болашақта бой көтерер нысандармен танысты

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысы ең әуелі Қаратау ауданына қарасты әкімшілік-іскерлік орталығындағы шағын саябақта Шымкент қаласы Бас жоспарына сәйкес қолға алынған бірқатар жобамен танысты.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Теміржол вокзалы құрылыс жұмыстарынан кейін көлемі 1 700 шаршы метрден 3 500 шаршы метрге ұлғаятынын, ал тәулігіне 9000 жолаушыны өткізуге қауқарлы болатынын айтты. Елордадан келген іскер топ әуежайдағы жаңа терминал құрылысы мен «Тұран» шағынауданындағы инфрақұрылымдық жұмыстардың жайына қанықты. Сондай-ақ, шаһар басшысы жобаларды таныстыру барысында Қасым-Жомарт Кемелұлына бой көтеретін көпқабатты тұрғын үйлер көлемін атап өтті.

"Үшінші мегаполистің жаңа шағын ауданы – «Шымкент сити» жобасы аясында 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу, ал «Қошқар ата» өзені аумағында көпқабатты 32 тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған", – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Елді басқару қызметіне кіріскен жаңа Президентке Шымкент қаласының ең көне әрі тарихи-мәдени орталығы «Цитадель» аумағындағы соңғы жаңалықтар да баяндалды.

Дереккөз: Шымкент келбеті газеті