Мейірімді жандар 11 баласы бар жалғыз басты анаға үй алып берді

0
2 195

Шымкентте “Харекет” қайрымдылық қоры үшінші баспананы табыстады


Мейірімді жандар 11 баласы бар жалғыз басты анаға үй алып берді

11 баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты анаға үй берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы ТВК телеарнасына сілтеме жасап.

Мұқтаж жандар 20 жылдар бері қалада әркімнің босағасын паналап келген. Күтпеген жерден мол қуанышқа кенелген Асанбаевтар отбасы жомарт жандарға шексіз алғыс айтуда.

«Харекет» қайрымдылық қорының ашылғанына небәрі жыл толмаса да еліміз бойынша біраз игі істі тындырып тастады. Осы уақытқа дейін қоғамдық қордағылар республика бойынша үйсіз жүрген, жағдайы мүшкіл 23 отбасына баспана сыйлап, оларды бақытқа бөледі. Міне қордың ендігі 24 үйі Шымкенттік Асанбаевтарға бұйырды. Тұрмыс тауқыметін көп көрген қам көңіл жандарға өмірдегі ең керегі баспана болатын. Себебі 2000 жылдан бері 58 жастагы Жайсанкүл апа 3 қызымен 11 немересін жетектеп басыбайлы үйі болмағасын пәтерден пәтерге көшіп әуре сарсаңды талай көрді. Жалғызбасты ананың адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқандығы Харекет қорындағыларды бей жай қарамады. Жұрт болып жұмыла қаржы жинап, аталған жанұяға жаңа болмаса да 2 бөлмелі жеке баспананың кілтін табыс етті.

Жайсанкүл Асанбаева, Қала тұрғыны:

Берілген баспанаға ат салысқан қазақстанның барлық азаматтары мен «Харекет» қайрымдылық қорына үлкен рахмет. Дендері сау болсын. Көңіл күйім керемет. Өте толқып тұрмын.

Ғұмыр бойы өз үйім болса екен деген ананың арманы орындалған кейін шексіз қуанышқа кенелуде. Себебі ол бұрын қартайған кезімде соңымнан ерген немерелерім қаңғырып қалама деп уайымдаушы еді. Алланың рақымы түсіп енді ол қауіпінен де құтылды. Кейуана осыдан жиырма жылдай бұрын өмірлік серігімен айрылысып кетті. Ұлы жоқ. Артынша екі қызы да балаларын ертіп төркініне келіп алды. Міне содан бері бір екі отбасының балаларын өз қамқорлығына алған әйел үй -күйсіз талай қиын күндерді артта қалдырды. Буыны қатпаған кішкентайлардың еш алаңсыз ойнап, демалуы үшін жеке үйдің болғаны әрине жақсы. Жоқшылыққа үйренген балақайлар жомарт жандардың арқасында дәл бүгінгі қуанышты күні мектепке ұстайтын жаңа сөмке мен жаңа киім сатып алды.

Ермахан Бексұлтан:

Қайрымдылық қорына көп-көп рахмет бізге осындай баспана мен мектепке арналған сөмке сыйлағанына. Енді біз осы үйде тұрамыз.

Көмекке зәру отбасына пәтер Азат шағын ауданынан берілді. Ауласы да ат шаптырым кең. Біраздан бері қараусыз тұрғаны көрініп тұр. Қазір қоғамдық қордың еріктілері үйдің жаңа иелеріне баспананың кейбір жерлерін жөндесіп, қолғабыс етіп жүр.

Апа мына жерге газ қойылады. Ал мына құбырдан ыстық және жылы су келеді. Ертең бұл араға жылыту қазандығы мен газ плитасы қойылғаннан кейін осында тамақ әзірлейсіздер.

Азамат Тұрсынқұлов, «Харекет» қайрымдылық қорының мүшесі:

Біз бұл жанұяны таңдаған себебіміз отбасында адам көп. Барлығы да жұмыссыз. Жайсаң апамыз үш қызымен 11 немереге қарап отыр. Тапқан табыстары мардымсыз. Бірде пәтерге жетсе бірде тамаққа жетпейді екен.

Республикалық «Харекет» қайрымдылық қорының аз қамтылған отбасына берген бұл Шымкенттегі 3 үйі. Қазір осындай 100 жанұя кезекте тұр. Олардың бірқатарына қор мүшелері алдағы құрбан айт мерекесі қарсаңында баспана беруге бел буып отыр. «Көп түкірсе –көл» демекші әрине бұл жерде ел тұрғындарының көмегі ауадай қажет. Себебі халықтың қорға аударған әрбір ақшасы қоғамдағы нағыз баспанаға мұқтаж жандарға таудай көмек екені анық.