Мүгедектігі бар адамдар оңалту құралдары мен арнайы қызметтерге үйде отырып тапсырыс бере алады

0
1 074

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның бүкіл аумағында Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілетін болады.


Мүгедектігі бар адамдар оңалту құралдары мен арнайы қызметтерге үйде отырып тапсырыс бере алады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазақстан бойынша мүгедектігі бар адамдар оңалтудың техникалық құралдарына (бұдан әрі – ОТҚ) және арнаулы әлеуметтік қызметтерге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өз бетінше тапсырыс бере алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қаласы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев айтып берді.

Басшының айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Ал, арнайы әлеуметтік қызметтерге жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторий-курорттық емдеу қызметтері жатады.

Бүгінгі таңда ОТҚ және жоғарыда аталған қызметтер мемлекеттік сатып алу арқылы ұсынылады. Ал, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің сапасын арттыру және қолжетімділігін жаңғырту мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның бүкіл аумағында Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілетін болады.

Анық болғандай, қазіргі жүйе бойынша оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алуға мүгедектік белгіленген сәттен бастап 8 айға дейінгі уақыт кетеді екен. Бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізудің ұзақтығына байланысты. Сондай-ақ, мүгедектер жыл сайын қызмет көрсету мен медициналық бұйымдардың сапасының нашарлауына жиі шағымданады. Тиісінше, аталған порталды енгізу оңалту қызметтеріне қажеттілікті есепке алудың ашық еместігінің факторын болдырмауға мүмкіндік береді.

Ең бастысы – оңалту қызметтері мен құралдарының оларды алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмеу проблемаларын шешеді, өйткені мүгедектігі бар адамдар тауардың және қызметтің қажетті түрін өз бетінше таңдай алады. Оған қоса, ОТҚ ұсыну және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің бизнес-процестерінің мерзімдері оларды тағайындаудың белсенді форматы арқылы 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқарады және мүгедектігі бар азаматтардың тілектеріне сәйкес оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің белгіленген құнын өтеу тетігі көзделген. Бұл порталда қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдау кезінде қосымша ақыны жүзеге асыру функциясы қол жетімді болады дегенді білдіреді.

Бұдан басқа, сертификатталған мамандардың неғұрлым кең ауқымы қолжетімді болады, ал медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірыңғай тізілімінде (бұдан әрі – МӘМ) барлық МӘМ-нің жарақтандырылуы мен жүктелуі ескерілетін болады.

Сондай-ақ, портал енгізу оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, өнім берушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді және әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Бұл ресурсты Қазақстанның барлық қалаларының тұрғындары пайдалана алады деп жоспарлануда, ол 400 мыңнан астам пайдаланушы мен 200 мың өнім берушіні қамтиды.