Мұрат Әйтенов азық-түлік бағасын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды

0
540

Сонымен қоса, ет өнімдерін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды


Мұрат Әйтенов азық-түлік бағасын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азық-түлік бағасын үнемі бақылауда ұстап, ет өнімдерін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2022 жылдың I-жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн. АҚШ долларына артты. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд. теңгені құрады. Тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсті.

Бұл туралы қала әкіміне есеп беру кезінде ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Жанбатыров баяндады.

Биылғы жылы 30 мың гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 6 айда 33,5 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда.

Ал, мал шаруашылығында жалпы құны 10,6 миллион теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 229 жұмыс орынын жаңадан ашу жоспарлануда. Ірі қара мал саны 79,7 мың басты, қой мен ешкі саны 71,8 мың басты, жылқы – 14,4 мың басты, құс 977,6 мың басты құрады.

Салада құны 11 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ, қайта өңдеу 3 жоба, өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың тоннаға, жеміс-көкөністерді сақтау 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 миллион дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды.

Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын екі қойманың, құс шаруашылығымен айналысатын 3 жоба, 2 тауарлы сүт фермасын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, Қаратау ауданы, Қайнар бұлақ тұрғын алабы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарланған. Мұнда сүт өндіру зауыты салынып, биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі іске қосылатын болады. Сонымен бірге шетел инвесторларымен бірлесіп сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру ойластырылуда.