​Назарбаев Шымкентте бір қабатты үйлердің құрылысын тоқтату керектігін айтты

0
1 923

«Шымкенттің өз келбеті, өз сәулеті болуы керек. Бір қабатты үйлердің құрылысын тоқтату керек».


​Назарбаев Шымкентте бір қабатты үйлердің құрылысын тоқтату керектігін айтты

Шымкентке арнайы іссапармен келген Елбасы осылай деді. Қала әкімдігінде өткен жиында ҚР Президенті ретсіз құрылыс пен сауда орындарын тәртіпке келтіруді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

- Жеке инвесторларды тартып, 7-20-25 бағдарламасы бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету керек. Шымкенттің дамуы бүкіл Оңтүстік өңірінің дамуына тікелей әсер етеді,- деді Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы Шымкентте шетелдік таңдаулы жоғарғы оқу орындарының филиалын ашу қажеттігін айтып өтті. Үшінші мегаполистің 42 пайызын жастар құрайтынын, 420 мыңнан астам жастар тұратынын айтқан Елбасы жоғарғы білімнің деңгейін көтеру үшін шетелдік әріптестікті жандандыруды тапсырды.

Шымкентте жан басына шаққанда өнім көрсеткіші 5 мың АҚШ долларын құраса, көрші ел астанасы Ташкентте 3,5 мың АҚШ долларын құрайды екен. Осыны қадап айтқан ел Президенті Шымкенттің дамуының логистикалық, инвестициялық даму стратегиясын дайындауды қала басшылығы мен әкімдікке жүктеді.

- Цифрлық даму барысында мемлекеттік қызметкер мен тұрғындар арасында қарым- қатынасты болдырмау қажет. Құқық қорғау органдары жұмысына да сын жетерлік. Бұдан да толық хабардармыз. Сондай ақ мемлекеттік қазына қаржысын мақсатты пайдаланып, оңды-солды шашуды болдырмай, тиімділікті басты орынға қою қажет. Қысқасы, қаланың қожайыны болу керек, - деп Елбасы шахар басшысының мақсаттары мен міндеттерін айқындап өтті.

Қала мәслихатының алдындағы басты міндет бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты, дұрыс жаратылуын қадағалау екендігін де шегелеп айтып өтті Елбасы қала мәслихатының хатшысы Н.Бекназаровқа.