"Өмірімнен шаршап кеттім": 6 баласымен далада қалған шымкенттік ана халықтан көмек сұрайды

0
338

Көпбалалы отбасы тұрып жатқан пәтерден өрт шыққан.


Шымкенттте қақаған аязда баспаналары өртке оранып, 6 баласымен далада қалған отбасыға жұрт жылу жинап жатыр.
Көпбалалы отбасының жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі танысып қайтқан болатын.

(суреттер: ERNUR.KZ.)

12 қаңтар күні таңертең үйінен өрт шығып, алты баласымен аман қалған 35 жастағы жалғызбасты ана Нәзира Дүйсебаеваға баспана алу үшін қаражат жинап жатыр.

2011 жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп жүрген Нәзираның тұңғышы – 13 жаста, кенжесі – 2 жасар, 5 жасар қызы – ерекше бала. Өздігінен тұрып, жүре алмайды. Ал, күйеуі ішкілікке салынып кеткен. Қазіргі таңда көмектеспек түгілі хабарласпайтын да көрінеді. Тіпті кешегі жағдайдан кейін де төбе көрсетпепті.

«Күйеуім ішкілліке салынып кетті. Бар тапқан ақшасын ішімдікке жұмсайтын. Әні қоямын, міні қоямын деп... Апармаған жеріміз қалмады. 2021 жылы кішкентай баламды босанғаннан кейін 3 айдан соң, ол қатты ішімдікке салынып кетті. Үйге таңғы сағат 7-8-де келетін. Содан бері бала-шағаммен пәтерден пәтерге көшіп қонып жүрміз», - деді ол.


Нәзираның сөзінше, кеше өрт шыққан үйде тұрып жатқанына 6 айға жуық уақыт болыпты. Ол үйдің жағдайы да көңіл қуантарлық емес көрінеді. Алайда ол үйдің иесі көпбалалы анаға тегін тұруға рұқсат берген екен. Тек сол үйдің жарық суының төленбеген қарыздарын төлеп тұрсаң болды депті. Басында көшіп келгенде ол үйде жарық су және от жағатын пештің де кейбір заттары болмаған. Тіпті терезелері де қойылмаған екен. Үйдің барлық кем-кетіктерін көршісіміен бірге өзі түзетіпті. Көпбалалы отбасы Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында жалдамалы кепеде өмір сүрген.


Кешегі өрт бәрі шырт ұйқыда жатқан кезде болған. Өрттің шыққанын ең алғаш сол үйдің 13 жасар үлкен баласы сезген. Ол 4 бауырымен бір бөлмеде ұйықтап жатқан. Ал, анасы мен 2 жасар баласы көрші бөлмеде жатқан.



«Үйдің жанып жатқанын үлкен ұлым байқап, бір ажалдан аман алып қалды. Өрттің қалай болғанын да неден шыққанын да білмейміз. Балам таңғы сағат алтыда оятып, «мама үстіме бір нәрсе түсіп кетті, үйдің іші көк түтін боп жатыр, жанып жатырмыз, тұрыңыз», - деді. Барып қарасам, 5 балам жатқан бөлмеден өрт шығып жатыр. Өрт 3 қызым жатқан төсектің аяқ жағынан бастап жанып келе жатыр екен. Балаларымды орап екінші бөлмеге шығардым. Өзім пештің үстінде тұрған шелектегі суды, одан баклашкадағы суды шаштым. Далбасалап не істеп не қойғанымды білмей қалдым. Бір қарасам балалар отырған бөлме де көк түтін болып, барлығы қақылдап жөтеліп жатыр екен. Үстерін көрпемен орап, көршінің үйіне апардым. Оларды апарып үйге келсем, үйдің іші көк түтін кіре алмайсың. 6 баламның несібесіне қарай аман қалдық...»,
- дейді көз жасын тежей алмаған ана.



Нәзира өртті өз бетінше сөндіре алмайтынын түсініп, балаларын көрпеге орап көршісінің үйіне апарған. Содан соң өрт сөндірушілерді шақырған. Оқиға орнына келген төтеншеліктер лезде қызыл жалынның бетін қайтарған.

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Нәзира отбасымен жалдап тұрған үйдің көлемі 36 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша қатты отынмен жанатын пештің ақаулығынан өрт шыққан.


Көпбалалы ана қазір тек балаларының жәрдәмақысымен күнелтіп отқанын айтты. Онысы ішіп-жемнен аспайды екен. Нәзира ерекше күтімдегі баласы болған соң, жұмысқа бара алмайтынын алға тартты.
«Үйде ерекше қызым болған соң жұмыс істемеймін. 4 балам оқиды. Кішкентай балам балабақшаға барады. Өзім үйде бала-шағамның тамағын беріп, мүгедек қызыма қарап отырамын. Балаларымның бәрі үлкен боп қалды. Үлкенімнің жасы 13-те. 6 баламен жәрдемақыға өмір сүру оңай емес. Бір қарызды алсам, екіншісін жауып отырамын. Дүкеннің қарызын жартысын берсем, жартысын ендігі айда беремін. Қалған ақшасына киім дәптерлерін әперіп отырамын», - дейді жалғызбасты ана.
Сұхбат барысында көмектесуге келіп жатқан адамдардың қарасы аз емес екенін байқадық. Әркім қолынан келгенінше қол ұшын созып жатыр.


Сол арада №83 жалпы орта білім беретін мектептің басшысын да кездестіріп қалдық. Мектеп директоры аталған жағдайды естігелі осында жүргенін айтты. Бұл отбасыны бұрыннан білетінін және мектеп тарапынан да ұдайы көмек берілетінін тілге тиек етті.




Көпбалалы ананың айтуынша, бірнеше жылдан бері көршісі Альмира қарайласып тұратын көрінеді. Нәзираның шарасыз күйін видеоға түсіріп әлеуметтік желіге салған да сол көршісі екен. Нәзира көршісінің қолынан келген бар көмекті аямайтынын жеткізді. Қазіргі таңда 6 баласымен көршісі Альмираның үйін паналап отыр.



«Мен бұл отбасымен 2-3 жылдан бері таныспын. Осы жағдайлардың басы-қасында өзім болдым», - дейді көршісі Сатыбалдиева Альмира.

Сөз соңында көпбалалы ана халықтан көмек сұрады. Пәтерден-пәтер жағалап жүргеннен шаршағанын айтты. Қақаған суықта балалары үшін алаңдайтынын жеткізді.

«Менің бар айтарым, бізге халық болып, ел болып баспана алып берсеңіздер. Қашанға дейін сандалып жүре береміз. Балдарымнан обал боп кетті. Өмірімнен шаршап кеттім», - дейді шарасыз ана.

Екі күннен бері бұл отбасының басына түскен ауыртпалықты естіген жұрт қолдан келгенше қаражат жинап жатыр. Басына іс түскен отбасына ақшаны көршісі Әлмира Сатыбалдиеваның есепшотына салып жатыр. Назираның шоты несиесін уақытылы өтей алмағаны үшін бұғатталған.


Ұлбосын Әбілсейітқызы