Өткен жылы Шымкентте басшы қызметіндегі 10 адам парамен ұсталған

0
1 266

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өткен жылды қорытындылады.


Өткен жылы Шымкентте басшы қызметіндегі 10 адам парамен ұсталған

Статистикаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық бойынша Шымкент қаласында өткен жылы 60 қылмыс тіркеліп, 58 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың басым көпшілігі ішкі істер органдарына (17), әкімдіктің және оған қарасты ұйымдарға (16) тиесілі, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сондай-ақ, 39 адам әртүрлі жаза түрлері бойынша сотталған. Нақтырақ айтсақ, 7 адам бас бостандығынан айырылса, 2 адам бас бостандығынан шектелген және 26 адамға айыппұл салынған.

Аталған тұлғалардың 10-ы мемлекеттік органдарда әр түрлі басшылық лауазымдарын атқарған екен. 1 республикалық, 6 облыстық (қалалық) және 3 аудандық деңгейдегі басшылар болған. Бұл туралы Департамент басшысы А.Жұмағали мәлімдеді.

Мысалы, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры К.У.Керімбеков сотталған. Керімбеков алаяқтық жасап, өзі бағынатын ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің лауазымды тұлғаларына беремін деп орынбасарларынан 764 мың теңге жинап алды деген күдікке іліккен еді.

"Сондай-ақ, Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары сотты болды. Ол жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бекіту үшін 200 мың теңге көлемінде пара алған. Одан кейін 1 ай уақыттан соң осы лауазымға жаңадан тағайындалған басшы құрықталды. Ол 400 мың теңге көлеміндегі қаражатты және қымбат қол сағатын алған. Бұл фактілер жер қатынастары басқарамасының қызметінде айтарлықтай тәуекелдердің бар екендігін көрсетеді", - деді Департамент басшысы.


Сонымен қатар, Шымкент қалалық білім басқармасы бұрынғы басшысының орынбасары орта мектептің білім жөніндегі меңгерушісін мектеп директоры лауазымына тағайындау үшін тест тапсыруға жәрдем беремін деп 400 мың теңге заңсыз сыйақы алғаны үшін және тағы бір орта мектеп директоры қызметке орналастырамын деп пара алғандықтан сотталған.

Департамент басшысының мәліметінше, қалтасының қамын ойлағандар мұнымен шектелмейді. Олардың қатарында қалалық мәденит басқармасы, кәсіпкерлік бөлімдері басшылары мен қала әкіміне тікелей бағынатын Ішкі аудит басшысы да бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парақорлықпен күресу, қоғамда мұндай қылмыстарды болдырмау сынды түрлі жобалар аясында жұмыс атқарып келеді. Дегенмен, қалтасын заңсыз қампайтатындардың саны азаймай тұрғанын айтады.

"Азаматтардың, кәсіпкерліктің конституциялық құқықтарын қорғау, бюджет қаражатын жымқыру және мақсатсыз пайдалануды анықтау, сондай-ақ, мемлекеттік қызметті сыбайлас жемқорлықтан тазарту күрестің басымдықтары болып қала береді. Біздің мақсат - сыбайлас жемқорлыөсық қоғам құру", - деді А.Жұмағали.