Панно жасаудың ерекше түрімен айналысатын шымкенттік бойжеткен

0
2 639

​Ресейлік қолөнершілерден үйренген.


Панно жасаудың ерекше түрімен айналысатын шымкенттік бойжеткен

Шымкенттік ару Оразбаева Жадыра шеге мен жіптен картина жасайды. 23 жастағы бойжеткеннің бастаған ерекше кәсібімен ERNUR.KZ тілшісі танысып, өзімен сұхбаттасқан болатын.


String art - шеге мен жіпке негізделген, қолмен жасалатын өнер түрі. Бұл өнер туындысы алғаш рет XVII ғасырда Англиядан басталған деген мәліметтер бар. Алғашында математика пәнінің мұғалімі Мэри Боу балаларды қызықтыру үшін және алгебра мен геометрияны үйренудің бірегей әдісі ретінде ұсынған. Геометриялық фигураларды жасау үшін ағаш шкафтарында шеге созған. Кейіннен американдық дизайнер қызықты техникаға қызығушылық танытып, өзінің алғашқы картиналарын жасай бастаған.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де "String art"өнерін үйрену арқылы өзінің шағын кәсібін ашқан.


Өздеріңіз көріп отырғандай, бәріміздің үйімізден табылатын қарапайым шеге мен жіптен керемет дүние дайындауға болады екен. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз құрылыс саласында тек бекіту құралы ретінде ғана пайдаланатын шегеден сан-алуан картина жасап, қосымша табыс көзіне айналдырған. Жас қолөнершінің мақсаты – өзінің сүйікті ісімен айналысу арқылы өзгелерге пайдасын тигізу.


Оразбаева Жадыра қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университетте интернатурада оқиды. Жас болса да ізденіске жаны құмар бойжеткен оқумен бірге өзінің шағын кәсібін де дөңгелетіп отыр.

«Белсенді өмірлік ұстанымы бар әрбір адам әрқашан өз өмірін қызықты, жарқын нәрсемен толтыруға ұмтылады» дейді Жадыра. Панно жасауды да арнайы барып оқымаған, өзінің қызығушылығының арқасында тек видео сабақ көру арқылы үйреніпті. Бүгінге дейін көптеген картиналар жасаған, ең қымбатқа бағаланған картинасы 12000 теңгеге сатылған. Картиналарды жасаумен ғана шектелмей, арасында халықтың сұранысына байланысты онлайн мастер-класстар да өткізіп тұрады.


«Карантин кезінде уақытымды құр босқа өткізгім келмеді. Өз басым жаңа дүниелерді үйренуді, бір орында тұрмай алға қарай ұмтылғанды жақсы көремін. Панно жасау арқылы жаным тынышталады, шаршаудың орнына керісінше демаламын. Жалпы адам өзі қалаған ісімен айналысқан кезде шаршамайды, жасаған дүниесінен күш-қуат алады», - дейді Жадыра.



Панно жасауды жұмыс ретінде қарамайтын ару "ол менің хоббиім" деп санайды. Басында тек қызығушылық үшін жасаған, кейіннен сұранысқа ие бола бастапты. Осылайша қосымша табыс көзіне айналған.

"Болашақта үлкен кәсіп ретінде ашу жоспарымда бар. Өз кәсібіме арналған жеке парақшам да бар, жасаған дүниелерімді инстаграмм парақшам арқылы да сатамын. Жасаған заттарымды инстаграммда бөлісіп тұрамын, және барынша халыққа пайдалы дүниелерді ұсынуға тырысамын. Өзіме ұнаған панноларды жасап үйіме туысқандарыма сыйға тартамын.

Әр адам дамуға жаңа дүниелерді үйренуге талпыну керек. Әркім өзіне өзі мотивация беру керек. Ол үшін өзіңе ұнайтын іспен айналысуың керек. Өзіңе ұнайтын іспен айналысу арқылы сенің күш-қуатың да арта түседі. Бойымдағы күш-қуатымның бәрін дамуға және пайдалы дүниелерге жұмсауға тырысамын», - дейді жас қолөнерші.

Айта кету керек, Жадыраның негізгі мамандығы дәрігер, болашақта еліміздегі білікті дәрігерлер қатарынан көрінгісі келеді. Мақсатына жету жолында аянбай еңбек етуге белін бекем буып отыр бойжеткен.

Ұлбосын Сәрсенбай,

ERNUR.KZ.