"Педофилдер тобы": Шымкенттік озат оқушылар жалған ақпарат таратқан

0
1 830

Шымкент қаласында "What's app" әлеуметтік желісінде ата-аналарға педофилдер тобынан сақтандыру туралы хабар таратқан.


Шымкентте 11 сынып оқушылары әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласында "What's app" әлеуметтік желісінде ата-аналарға педофилдер тобынан сақтандыру туралы хабар таратқан. Биылғы оқу жылында мектеп бітірмек боп отырған бозбалалар әзілдеп құрдастарын "педофилдер тобы" деп суреттерінен фотошоп жасап достарына жіберген. Ойыннан от шығатынын аңдамай қалған жасөспірімдердің бүгінде қай мектепте оқитыны белгілі болды.

Шымкенттегі мектеп лицейлердің бірінде оқитын бозбалалар оқу озаттары екен. Мұғалімдері мен мектеп директоры да бұл оқушыларды сабақ үлгерімі өте жақсы, тәртібі түзу деп сипаттап отыр.

"Біздің мектеп-лицейде оқушыларға смартфон ұстауға рұқсат берілмейді. Оның үстіне бұл оқиға каникул кезінде болған. Өз үйінде 11 сынып оқушысы достарының суреттерін әзілдеп фотошоп жасап, ватсап арқылы достарына жіберген. Жасаған баланың өзі өкінетіндігін айтып, кешірім сұрап, тіпті бірден өшіріп тастаған суретті. Дегенмен әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен екен. Ата-аналары мен балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл балалардың барлығы да оқу озаттары, лицей сыныбында оқиды. Математикаға жүйрік, оқымысты балалар. Ойнап, әзіл соңының бұлай боларына ойламаған", - дейді мектеп-лицей директоры.

Шымкент қалалық полиция департаменті жалған ақпарат таратқан кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тартылатындығын айтады.

"Тексеру барысында оқушылардың жеке бастары анықталды және олардың таратқан ақпараттары жалған екендігі белгілі болды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері оқушылар мен олардың ата-аналарына профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ата-аналарын жауапкершілікке тарту қарастырылуда. Сондай-ақ, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады", - деп хабарлады Шымкент қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі.