Президент көмекшісі көпбалалы аналардың мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді

0
911

А.Балаева: «Әрбір тұрғынның мәселесі бақылауға алынады».


Президент көмекшісі көпбалалы аналардың мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді

Президент көмекшісі Шымкент қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Шымкент әкімдігінің ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша сағат 10.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін қабылдап, 80-ге жуық тұрғынның өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Атап айтсақ, қабылдауға келген қала тұрғындары жұмысқа орналасу, әлеуметтік жәрдемақы алу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі мен өз кәсібін ашу үшін мемлекеттен қолдау сұрап келсе, енді бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мәселелерін айтқан.

Ал, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жауап берген Аида Балаева тұрғын үйлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан тек өз кезегімен берілетінін айтып, оларды «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларына қатысуға шақырды. Одан бөлек, көмек сұрай келген көпбалалы аналардың мәселелері бойынша Президент көмекшісі жергілікті билік өкілдеріне қолдау көрсету бойынша нақты шараларды атқаруды тапсырды.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік жағдайын, өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқаруды және медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту бойынша тиісті салалық жетекшілерге нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, Президент көмекшісінің жеке қабылдауына келген әрбір тұрғынның мәселесі хаттамаға жазылып, шешілуі бақылауға алынатынын айтқан Аида Ғалымқызы мемлекеттік деңгейдегі мәселелер өзінің назарында болатынын жеткізді.