Шымкенттегі ауыз су мәселесі бар елді мекендер партия бақылауында

0
1 626

Мегаполиске іс-сапармен келген халық қалаулылары әлеуметтік мәселелері әлі күнге дейін толық шешімін таппаған елдімекенді аралады.


Шымкенттегі ауыз су мәселесі бар елді мекендер партия бақылауында

Шымкент қаласына іс-сапармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракция мүшелері Дархан Мыңбай, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, Нұржан Әлтаев келді. Жұмыс сапары барысында өндіріс орындарын, шалғай ауылдарды аралап, халықпен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-сапардың алғашқы күнінде халық қалаулылары Шымкенттегі Жаңаталап елдімекеніне барды. 2011 жылы “Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша мемлекеттік бюджеттен 213 млн. қаржы бөлініп, ауыз су жүйесі жүргізілген. Сапасыз жүргізілген ауыз су жүйесінен тұрғындар сумен толық қамтамасыз етілмей, кестемен беріледі. 72 үй сумен қамтылмаған.

Кездесу барысында депутаттар «Жаңаталап» тұрғын алабы тұрғындарын елімізде жүргізіліп жатқан реформалардан хабардар етті. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу,көпбалалы отбасылар үшін жаңа форматтағы мемлекеттік жәрдемақылар және басқа да мәселелер жөнінде сөз болды. Сондай-ақ, елді мекендегі ішкі орамдық ауыз су жүйесінің құрылысымен танысып, нысана құрылысына партиялық бақылау орнатылатындығын жеткізді.

- Бүгінгі кездесуде көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Бұл елді мекендегі инфрақұрылым, жер учаскілерін заңдастыру, жастарды тұрғын үймен қамту, бос жерлерді қайтарып алу және басқа да әлеуметтік мәселелер талқыланды. Ең өзекті болып тұрған ауыз су мен газ мәселесі шешімін табуда. Ауыз су жүйесінің құрылысына қаражат бөлінген, жергілікті билік уақытылы жұмыс жүргізеді. Ал партия тарапынан қоғамдық бақылау орнатылатын болды. Табиғи газбен қамту алдағы жылдары шешімін табады, - деді топ жетекшісі Дархан Мыңбай.