​Сайрам ауданындағы ХҚКО-ның мәселесі оң шешімін тапты

0
1 055

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов мемлекеттік мекеме басшыларымен бірлесе жергілікті тұрғындармен кездесіп, мән жайды толығымен анықтады, шешімін табуға атсалысты.


​Сайрам ауданындағы ХҚКО-ның мәселесі оң шешімін тапты

Сайрам тұрғындарын дүрліктіріп жүрген халыққа қызмет көрсету орталығының мәселесіне «Nur Otan» партиясы дүйім жұрттың алдында нүкте қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл мәселе аталмыш алабтың тұрғындары үшін шешілмей тұрған айшықты мәселе. Сайрам тұрғын алабындағы халыққа қызмет көрсету орталығы Өзбек драма театр ғимаратының бір бөлігінде орналасқан. Ағымдағы жылы бюджеттен театр ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталмақ болған.
Сондықтан, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Шымкент қалалық филиалы директоры Дәурен Исабеков халыққа қызмет көрсетуді Шымкент қаласына ауыстыру бойынша шешім қабылдаған. Қалада ғимарат та қарастырып қойған. Алайда, Қаратау ауданына тиесілі алабтың тұрғындары бұл шешімді қоштай қоймаған. Дүрліккен жұрт төл құжатты түгендеуге шамамен 12 шақырымдай жерде орналасқан, қала орталығына қарай бет алу оңай болмағандықтан бұл шешіммен келіспейтіндігін жеткізген.
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов мемлекеттік мекеме басшыларымен бірлесе жергілікті тұрғындармен кездесіп, мән жайды толығымен анықтады, шешімін табуға атсалысты.
"Ерікті болу еріккенің ермегі емес» деген Сайрамдық жеке кәсіпкер Ләзиз Сүлеймонов өзі салып жатқан бизнес орталығының бірінші қабатынан халқы үшін халыққа қызмет жасайтын орталықты қала күні қарсаңында пайдалануға табыс етемін деп сөз берді. Алдағы уақытта жаңа ғимаратқа ауысым тауып, халыққа қызмет көрсетуді кедергісіз жалғастыратын болады.