"Сәуірде ауа райы ашық болады" - Шымкент қаласында су тасқыны қаупі жоқ

0
1 426

Су қоймаларының толымдылығы 16–70 пайызды құрайды


Үшінші мегаполистегі су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне ден қою мақсатында авариялық-құтқару бөлімшелерінің 600-ден аса қызметкері мен 100-ден аса техникасы әзірленген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде департамент бастығы қала аумағындағы су тасқынының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Шымкентте жыл басынан бері төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі қалалық комиссия екі отырыс өткізді. Аталған жиында берілген тапсырмаларға сәйкес аудан әкімдіктері жауапты қызметкерлермен бірлесіп тұрақты түрде су айдындарына мониторинг жүргізді. Сонымен қатар өзендер мен каналдардағы қауіпті учаскелерге комиссиялық тексерулер ұйымдастырылды. Бір айта кетерлігі, "Қазгидромет" филиалының мәліметі бойынша наурыз айында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болса, сәуірде ауа райы ашық болады деп күтілуде. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ, қаладағы су тасқыны жағдайы тұрақты, – деді Мадияр Есенгелдіұлы.
Спикердің айтуынша, қалада 20-наурызға қараған түні жауын-шашын мөлшері 6 сағат 40 минут ішінде 29 мм құрап, айлық көрсеткіштен асып жауған. Бұл жауын-шашынның салдарын жоюға төтенше жағдайлар департаментінің 117 қызметкері, 30 бірлік техникасы мен 34 мотопомпасы тартылған. Сондай-ақ, 8 мың текше метр су сорылып, 4 уақытша бөгет салынған. Аталған жұмыстарға қаланың коммуналдық қызметінің мамандары мен техникасы жұмылдырылған.
Брифинг барысында қаладағы су қоймаларының толымдылығы 16–70 пайызды құрайтынын, ал тасқын суларды қабылдауға қордың жеткілікті екенін жеткізді.