​Сенаторлар Шымкентке қандай мақсатпен келді

0
835


​Сенаторлар Шымкентке қандай мақсатпен келді

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Айгүл Қапбарова мен Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына іс-сапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мегаполистен сайланған қос сенатор Шымкенттегі бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, қала тұрғындарымен және жастармен кездесу өткізген болатын.

Осындай кездесулердің бірі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да өтті. Мегаполистегі бірқатар белсенді жастар жиналып, 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жариялануына орай өз ұсыныстарын жеткізді. Жастардың айтуынша, азаматтық қоғам дамуында волонтерлардың рөлі ерекше. Нұрлан Құдиярұлы мен Айгүл Қапбарова жалынды жастармен еркін форматта пікір алмасып, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Бұл кездесудің басты мақсаты да осы. Мегаполис жастарының көкейінде жүрген мәселелерден хабардар болу.

Мұнан соң сенаторлар Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың ахуалымен танысты. Аталмыш медициналық орталық 138 төсек орынмен жабдықталса, 2019 жылы мұнда 4500-ден аса науқас дертіне шипа тапқан. Медициналық орталыққа сырқаттардың 80 пайызы жедел түрде жеткізіліп, ем-дом шараларын қабылдай алады. Ал, қалған 20 пайызы жоспарлы түрде ем алады. Дәрігерлердің айтуынша, мамандар көмегіне жүгінген емделушілердің басым бөлігінің жүрек қан тамыр жүйесі тарылған. Медициналық орталық Түркістан мен Шымкент қаласының тұрғындарына бірдей қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы ірі кәсіпорындардың да жағдайын көзбен көру назардан тыс қалған жоқ. Сенат депутаттары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймаққа ат басын бұрып, онда орналасқан «АГФ Групп» өндіріс орнының жұмыс жайын бағамдады. Айта кетсек, «АГФ Групп» компаниясы 2011 жылы құрылған. Өндіріс орнында 250 қызметкер жұмыс істесе, бүгінде кәсіпорын жылына 3 миллионнан астам өнім шығарады. Негізінен төсек жаймаларын дайындайды. Ал өнімнің басым бөлігі Ресейге экспортталады.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қала әкімдігінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сенаторларға өтініштері мен ұсыныстарын айтып келген шымкенттіктердің басым көпшілігі тұрғын үй мен жұмыс мәселесін айтты. Сенаторлар тұрғын үймен және кез-келген көмекпен қамтамасыз ету тек Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес орындалатынын атап өтті. Сонымен қатар, олар Елбасы мен Президенттің бастамасымен өткен 2019 жылы елімізде жұмысшы жастар мен көпбалалы отбасылар баспанамен қамтамасыз етілгенін жеткізді.