ШЫМКЕНТ: 13 жасында тұрмысқа шығып, 12 баланы дүниеге әкелген анаға көмек көрсетілді

0
3 056

Он екі баланың үлкені жиырма жаста, кішісі бар болғаны сегіз айлық сәби.


ШЫМКЕНТ: 13 жасында тұрмысқа шығып, 12 баланы дүниеге әкелген анаға көмек көрсетілді

Шымкент қаласының тұрғыны 34 жастағы Айсұлу Жалилова жұбайымен бірге 12 бала тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Иран елінен келген оралман Жалилова жастайынан ата-анасынан айырылып, туыстары 13 жасында тұрмысқа берген. Бақытын азаматынан тапқан отанасы бүгінде ешкімге алақан жаймай, балаларының барына шүкір етеді. Десек те, көпбалалы отбасының әлеуметтік көмекке мұқтаж екендігі байқалады. Он екі баланың үлкені жиырма жаста, кішісі бар болғаны сегіз айлық сәби. Отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Денсаулығы сыр берсе де қырық жастағы көп балалы әке қара бала, қара қазан қамы үшін күн сайын кез келген жұмысқа жалданып нәпақа тауып жүр. Тұңғыш ұлдары да тұрақты жұмыс іздеп талай жұмыс берушінің есігін тоздырған көрінеді.

А.Жалилова Шымкент қаласы Қаратау аудандық жұмыспен қамту орталығына келіп құжаттарын тапсырып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан табылуға өтініш қалдырыпты.

"28 қаңтар Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты жұмыспен қамту орталығына Жалилова өтініш білдірген. Атаулы әлеуметтік көмек ретінде 600 мың теңге көлемінде шартты түрі тағайындалды. Жиырма жасар ұлы Шымкент қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен орталығы арқылы техникалық және кәсіби 2,5 жылдық оқуға жіберілуде. Сондай ақ Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен 25 000 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы тағайындалды", - деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйытқы болуымен көпбалалы отбасыға демеушілер есебінен киім-кешек және азық түлік табыс етіліпті.