ШЫМКЕНТ: 16 жасар ару "Face of Shymkent" байқауының жеңімпазы атанды

0
1 915

«Face of Shymkent» байқауының өзге байқаулардан айырмашылығы, мұнда қатысушылардың өнеріне басымдық берілді.


ШЫМКЕНТ: 16 жасар ару

Шымкент қаласында алғаш рет "Face of Shymkent» сұлулық байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымқаланың келбеті атану үшін көрікті де өнерлі он алты сұлу бақ сынады. Еліміздің үшінші мегаполисінің келбеті атағынан үмітті 200 ару іріктеу кезеңіне өтініш білдірген.

«Face of Shymkent» байқауының өзге байқаулардан айырмашылығы, мұнда қатысушылардың өнеріне басымдық берілді. Яғни, қыздардың шығармашылық қабілеттері, ұлттық салт-дәстүрді жетік меңгеруі мен біліміне ерекше назар аударылды"-дейді ұйымдастырушылар.

Байқауға қатысушы он алты сұлу сайыс барысында қатысушылар 4 кезең бойынша өзара сынға түсті. Біріңғай киім үлгісінде, зияткерлік сайыс (қатысушыларға еліміздің тарихы, ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып тақырыптарындағы сұрақтар); шығармашылық сайыс ( ән, би, актерлық шеберліктерін көрсету); сондай ақ дефиледе отандық дизайнер Асель Абдикулованың топтамасын ұсынды.

Айта кетейік, 16 қатысушының ішінен дараланған жеңімпазды анықтауда білікті мамандар әділ қазылық жасады. Олардың қатарында: Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нұртай, «Оңтүстік аруы-1989» сұлулық байқауының алғашқы тәжі иегері - Ардақ Умирбаева, «Makeup Shymkent» сұлулық салонының негізін қалаушы және директоры - Аида Абдраимова, «Sulu Models» модельдік агенттігінің директоры - Абильдаева Ақжамал, дизайнер - Кобеев Ғани және Орталық Азия аймағындағы Asia Model Festival-нің ресми өкілі, Face of Central Asia байқауының бас ұйымдастырушы - Хара Кан қазылық жасады.

Орталық Азия аймағындағы Asia Model Festival-нің ресми өкілі - Хара Канның айтуынша, «аймақтық, қала, облыс деңгейіндегі ұйымдастырылытан сұлулық байқауларының маңызы зор. Себебі, халық ішінен өнерлі бойжеткендерді іріктеп, халықаралық деңгейде еліміздің абыройын асқақтататын арулар осындай байқауларда шыңдалады»,- дейді.

Қатысушылар арасынан үздік танылған «Face of Shymkent» байқауының жеңімпазына – 500 мың теңге қаржылай жүлде қоры табысталды. Сондай-ақ, бас жүлде иегеріне халықаралық «Asia Model Fectival» байқауына жолдама берілді. 15 жылдық тарихы бар аталған фестиваль жыл сайын Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сән әлемінің майталмандарының қатысуымен өткізілетін бұл фестивальда «Face of Shymkent» байқауының жеңімпазы ел намысын қорғайды.
Сонымен Шымкентте тұңғыш рет өткен сұлулық байқауында 16 жастағы Нарқұлова Ясмин Face of Shymkent» атағын жеңіп алды.

Сұлулық байқауының қорытындысы бойынша қазылар алқасының төрағасы - Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қ.Нұртай бас жүлде иегеріне сұлулық тәжін кигізіп, қаржылай жүлде 500 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Сайыс қорытындысы бойынша "Көрермен көзайымы" номинациясымен Құралай Сейдалы марапатталды. Үшінші орынды Зарина Лесбек иеленді. Оған 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Екінші орын және 200 мың теңге Наргиз Бақытжановаға бұйырды. Ал жүлделі бірінші орын мен 300 мың теңгелік сертификатқа Арай Мүсілім ие болды.

"Face of Shymkent" сұлулық байқауы Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өтіп отыр.