ШЫМКЕНТ: 3 мыңнан астам өнім үлгісіне зертханалық зерттеу жүргізілді

0
560

109 сынамада техникалық регламенттер талаптарына сәйкессіздік анықталған.


ШЫМКЕНТ: 3 мыңнан астам өнім үлгісіне зертханалық зерттеу жүргізілді

Шымкент қаласында сауда орындарынан іріктелген 3230 өнім үлгісіне зертханалық зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов брифинг барысында айтты.
Спикердің сөзінше, тұрғындарды қауіпсіз және сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында өнім қауіпсіздігі мониторингін жүргізу үшін 130 сауда нысандары мониторингпен қамтылған. Сауда орындарынан 3230 өнім үлгісі іріктеліп алынып, зертханалық зерттеулер жүргізілді.
Сатып алынған барлық 3230 сынаманың ішінде отандық өнім өндірушілердің өнімдері – 727 (22,5%), Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің өнімдері – 1910 (59,1%), басқа мемлекеттердің өнімдері - 593 (18,3%). Сатып алынған өнімдердің 1963-і – тағам өнімдері, 1267-сі – тағам емес өнімдер.
Өнім қауіпсіздігі мониторингі нәтижесінде 109 сынамада техникалық регламенттер талаптарына сәйкессіздік анықталды. Соның ішінде отандық өндірушілердің өнімдері – 37 (33,9%), Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің өнімдері – 48 (44,0%), басқа ел өнімдері – 24 (22,0%).
Сәйкессіздік анықталған 109 сынаманың 36-сы (33,0%) микробиологиялық көрсеткіш бойынша, 3-уі (2,7%) қауіпсіздік көрсеткіші бойынша, 70-і (64,2%) – таңбалау бойынша сәйкес келмеген.