Әбдірахымов Шымкенттің бір ауданын ауылға теңеді

0
1 687

Ондағы жұрт қыста батпаққа батып, жазда шаңға әбен "тояды" екен.


Әбдірахымов Шымкенттің бір ауданын ауылға теңеді

коллаж: ERNUR.KZ

Шымкент шаһарының басшысы Ғабидолла Әбдірахымов Абай ауданының әкімі Бұқарбай Пармановтың халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгінде Шымкент қаласының Абай ауданында жол мәселесі өзекті. Өйткені, аудан басшысының айтуынша, 85 көшеге әлі күнге не асфальт, не тас төселмеген. Ондағы жұрт қыста батпаққа батып, жазда шаңға әбен "тояды" екен. Себебі, асфальт түгіл тасы жоқ көшелерге қоғамдық көлік қайбір қатырып қатынай қояр дейсіз? Жаңаталап пен сол маңайдағы елдімекен тұрғындары «125 бағыттағы «маршруттың» жырын жырлап бармаған жеріміз қалмады» деп шулады.

«Ауданда 8916 үй орталықтандырылған ауыз суға қосылмаса 12447 тұрғын үй жекеменшік трансформаторларға тәуелді»,- деді Бұқарбай Парманов.

Бір қызығы, сол 12 мыңнан астам үйге бар-жоғы 37 жекеменшік трансформатор қызмет етеді екен. Демек ол елдімекендердегі жарықтың сапасы жайлы сөз қылудың өзі артық. Бір сөзбен айтқанда, ауызбен үрлеп өшіруге болатындай.

Жасыратыны жоқ, Абай ауданындағы әлеуметтік жағдай әкімі айтқаннан да жыларман хәлде ме дедік. Олай дейтініміз, Парманов баяндамасын оқып бола, залға келген қариялар мен ашуға булыққан әйелдер «микрофонға ұмтылып бір-біріне сөз бермей жанталасты. Мұны есепке келген қала әкімі де аңғарды.

«Білемін. Абай ауданындағы жағдай бұрыннан қиын болатын. Кәдімгі ауыл еді. Қазір де ауыл», - деді Ғабидолла Әбдірахымов жиналған жұртты сабырға шақырып тұрып.

Біз үшін мегаполис атанып отырған Шымшаһардағы 4 ауданның бірінде өткен бүгінгі есепке берілген баға осы болды!