Шымкент әкімі Нью-Йорктің ең үздік полицейі атанған Димаш Ниязовты қабылдады

0
845

Ол қызмет барысында ерлік танытқаны үшін төс белгімен марапатталған.


Шымкент әкімі Нью-Йорктің ең үздік полицейі атанған Димаш Ниязовты қабылдады

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Нью-Йорк полицейі Димаш Ниязовты қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған кездесу барысында тараптар екі елдегі құқық қорғау органдарының ел алдындағы беделі мен аталған сала жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесін сөз етті. Өзінің шетелдік қызметіндегі жұмысы туралы айтқан Димаш Ниязов Нью-Йорк полициясының материалдық-техникалық жабдықталуына тоқталып өтті. Оның айтуынша, кез келген патрульде тұрғындардың базасы тіркелген құрылғысы бар. Онда саусақ іздері арқылы санаулы минуттар ішінде өздері тоқтатқан адамның кім екенін біліп отырады.

Сонымен қатар, Оңтүстік өңіріне төрт күндік демалысқа келген жерлесіміз Д.Ниязов осында келу мақсатын да айтып өтті.

«Менің Шымкентке келу себебім осындағы әріптестеріме полицияның ел алдындағы беделін көтеру және құқық қорғау саласын оңтайландыру бойынша өзімнің халықаралық тәжірибиеммен бөлісу. Осылайша, Қазақстан полициясының дамуына кішкене де болса үлес қоссам мен үшін үлкен мәртебе», - деді американдық полицей.

Ал, шаһар басшысы өз кезегінде Димаш Ниязовтың құқық қорғау қызметі жүйесінің дамуына үлес қосуға деген ниетін құптап, туған жеріне деген патриоттық рухын ерекше бағалап, алғыс айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінулері тиіс» деген болатын. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі әрқашан басты назарда. Қырағылық пен білімді талап ететін ауыр салада мұхит асып, жетістікке жетіп жүргеніңе шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Ерлан Қуанышұлы.

Әңгіме барысында қазақ тілін ұмытпағанын және ана тіліндегі кітаптарды жиі оқитынын айтқан Димаш Ниязов — Нью-Йорк қаласының патрульдік полиция қызметкері. Ол 2015 жылы қызмет барысында ерлік танытқаны үшін төс белгімен марапатталса, сол жылы Нью-Йорктің ең үздік тәртіп сақшысы атанған.