Шымкент әкімі үш ауысымды мектептің мәселесін қалай шешу керек екенін айтты

0
933

Бүгінгі таңда Шымкентте үш ауысымда білім беретін 15 мектеп бар екен.


Шымкент әкімі үш ауысымды мектептің мәселесін қалай шешу керек екенін айтты

Шымкент мектептеріндегі педагогтардың 88 пайызы яғни, 12 698 ұстаз жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес біліктілігін арттыру курстарынан өткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы қала әкімі Е.Айтахановтың алдында есеп берген білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Текебаева мәлім етті.

Аталған мәжілісте білім саласында атқарылған жұмыстарды баяндаған мекеме басшысы жаңартылған білім беру бағдарламасына көшу бойынша жоспарға сәйкес ағымдағы оқу жылында мектептердің 4,9,10-сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алып жатқанын айтты. Ал, қала басшысы жас ұрпаққа саналы тәрбие, салалы да сапалы білім беру тұрғысында ұстаздар қауымына жүктеліп отырған жауапкершіліктің зор екеніне тоқталды.

Сондай-ақ, Айгүл Қалыбайқызының айтуынша, қаладағы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен яғни, балабақшамен қамту 95,2 пайызға жеткен және Шымкенттегі 501 балабақшаның бүгінде төртеуі күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Нақтырақ айтсақ, олар 1986 жылы 150 орынға арналып салынған №58 «Күншуақ», 1981 жылы салынған 280 орындық №95 «Алтын дән», 1954 жылы ыңғайластырылып 90 орынға арналып салынған №7 «Қолқанат» және 1991 жылы салынған 330 орындық №45 «Аққу» балабақшалары. Аталған ғимараттарға пайдалануға берілген күннен бері күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған.

Сонымен қатар, баланың дамып, тұлға болып қалыптасуына мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызы зор екендігін айтқан қала басшысы сапалы білімге қол жеткізуді балабақшадан бастауды нықтап қолға алуды тапсырды. Одан бөлек, Ерлан Қуанышұлы бүгінгі таңда қалада үш ауысымда білім беретін 15 мектептің бар екенін айтып, ондай мектептердің мәселесін бюджетке қарап отырмай жеке инвесторларды тарту арқылы шешу және осы бағыттағы жұмысты жандандыруды қажет екенін айтты.

Ал, жиын соңында қорытынды жасалып, Ерлан Айтаханов Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауда айтқан білім беру сапасын жақсарту бойынша берген тапсырмасын жүзеге асыру бойынша білім басқармасына бірқатар нақты тапсырмаларды жүктеді.