ШЫМКЕНТ: Ақұштап Бақтыгереева жастармен кездесті

0
730

Кездесу соңы ақын оқытушылар мен студенттерге жыр жинағын сыйлап, қолтаңбасын жазып берді.


ШЫМКЕНТ: Ақұштап Бақтыгереева жастармен кездесті

Қазақ поэзиясының ақ шағаласы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының және «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде қонақта болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ақұштап Бақтыгерееваның есімі елімізге лирикалық жырлардың, өткір публистикалық мақалалардың авторы ретінде белгілі. Рухани кездесуге оқу ордасының ұжымы мен студенттер қатысты. Алдымен ақын «Мұхтартану» орталығында болып, профессор-оқытушылар құрамымен жүздесті.
Ұлттық поэзиямызды «Өрімтал», «Наз», «Қуанышым іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақ қанат», «Бақыт әні», «Жайық қызы», «Ақжелең», «Сүмбіле», «Ақ шағала» сынды жыр жинақтарымен байытқан Ақұштап Бақтыгереева – қазіргі қазақ поэзиясының белді өкілдерінің бірі. Студент-жастарымыз Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына қанық десек де болады. Олар әдеби-сазды кеште ақынның өлеңдерін тебірене оқыды. Ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады, жастық шағынан сахналық қойылым көрсетті. Ақынға көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын да алды.
«Филология» факультетінің 2-курс студенті Азамат Тұрсынбай ақынға өз арнауын арнап, көпшілікті сүйсінтті.
Жүрегі жылы, көңілі нәзік қазақтың қыз-жігіттерінің арасынан талантты да дарынды жастардың көбейгеніне қуаныштымын, - деп ақын жастарға ризашылығын білдірді.
Ақын ұлттық құндылықты қастерлеу, ұрпақ тәрбиесі, ананың қоғамдағы ролі жайындағы ойларын өлеңмен өрді.
Болашақ ұрпаққа сіздің қарулы сөздеріңіз дем береді. Шығармашылығыңыз ешқашан мұқалмайтынына кәміл сенімдіміз. Алдағы уақытта университеттің студенттері мен магистранттары сізбен көбірек байланыста болады. Басты мақсатымыз Алдағы уақытта сіздің шығармашылығыңызды зерттеп, оны ғылыми айналымға түсіруді жопарлап отыр, - деді М.Әуезов атындағы ОҚУ- ректоры Дариға Пернешқызы.
Кездесу соңы ақын оқытушылар мен студенттерге жыр жинағын сыйлап, қолтаңбасын жазып берді.