ШЫМКЕНТ: Ассамблея мүшелері ардагерлерді ардақтады

0
1 201

Іс-шара майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды.


ШЫМКЕНТ: Ассамблея мүшелері ардагерлерді ардақтады

Жеңіс күніне орай Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық славян этномәдени бірлестігі мерекелік іс-шара ұйымдастырып, ардагерлерге құрмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаладағы оқушылар сарайында өткен салтанатты жиынға Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары, ассамблея мүшелері мен мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шара майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Одан кейін Ұлы Отан соғысының ардагері Төрегелді Зорбанов, тыл ардагерлері Кеңес Үмбеталиев пен Ирина Репина құрмет төріне көтеріліп, бейбіт өмір үшін соғысқан майдангерлердің ерліктері жайлы естеліктер тыңдалды.

Төрегелді Зорбанов колхоз жұмысына 15 жасынан бастап араласыпты. Еңбек даласында екі жылдай жұмыс істеп, майданға аттанады. Ол кездеТөрегелді ақсақал небәрі 18 жасар бозбала еді. 1944 жыл. Бұл– қиян-кескі ұрыстың жүріп жатқан кезі.

Есімде қалғаны 1945 жылдың наурыз айында Басило көлінің маңындағы қырғын соғыс, - деп еске алады Төрегелді ата.

- Біз неміс басқыншыларына қарсы сол жерде соғыстық. Қаншама боздақтар қыршын кетті. Фашистер ешкімді аямады. Маңдайдан оқ жанап өтіп, қанмайданда қатты жараландым. Көрер күнім, татар дәмім бар шығар. Бір жарым айдай дала госпиталында жаттым. Ал Жеңіске жеткенімізді сол жерде жатып есіттім. Бүкіл елдің қуанышында шек болмады. Ол күнді айтып жеткізе алмаспын, сірә!, - дейді ардагер.

1941 жылы Ресейдің сол кездегі Ленинград қаласы қоршауға алынғанда Ирина Репина 6-7 жастағы бала болған. Миллионннан астам адам аштық пен жау оғынан қырылған қасыретті күндерді күрсіне еске алған ол жастарға бүгінгі бейбітшіліктің қадірін білу керектігін айтты.

- Бәрі көз алдымда. Сұм соғыс миллиондаған бейбіт тұрғындардың, оның ішінде менің әкеммен бауырларымның өмірін қиды. Ол кездегі ауыр жағдайды сөзбен айтып жеткізу қиын. Кейін тағдырдың жазуымен Шымкент қаласына келдім. Осында отбасын құрып, өсіп-өндім. Бүгінде барша тұрғындар бір үйдің баласындай, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Тыныштыққа жететін не бар. Күнделікті өмірде оның қадіріне назар аудара бермейміз ғой. Алайда, бейбіт күнді бағалай білуіміз керек, - деді ардагер Ирина Георгиевна.

Салтанатты жиында сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін сахналық қойылымдар қойылып, славян этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар мен мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды.

Басқосу соңында ардагерлерге сый-сияпат жасаған қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романова көпшілікті арамызда азайып бара жатқан ардагерлерді барынша құрметтеп, қадірлеуге шақырды.


Дереккөз: Шымкент қаласы әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ