ШЫМКЕНТ: Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар ақшаның қайда жұмсалғаны жайлы есеп береді

0
2 506

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алуға 74 520 отбасынан өтініш түскен.


ШЫМКЕНТ: Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар ақшаның қайда жұмсалғаны жайлы есеп береді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдерінің қатысуымен баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған жиында баяндама жасаған басқарма басшысы Балтаев Ғалымжан Талғатұлының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың басынан 24 қыркүйегіне дейін атаулы әлеуметтік көмек алуға 74 520 отбасынан өтініш түсіп, оның 62 731-і қаралған және 52 874 отбасыға 44,6 млрд. теңге тағайындалған. Оның ішінде, 44 184 отбасыға 14,2 млрд. теңге төленген. Ал, қайтарылған өтініштердің саны – 9 801.


Сондай-ақ, басқарма басшылығының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек екі түрде – шартты және шартсыз болып беріледі. Атап айтсақ, шартсыз жәрдемақыны – жағдайы төмен, құрамында жұмысқа жарамды адамы жоқ отбасылар, ал шартты атаулы әлеуметтік көмекті – жағдайы төмен болғанымен, отбасында жұмысқа жарамды мүшелері бар отбасылар ала алады.

Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығының директоры Беласаров Дархан Мұхтарұлы атаулы әлеуметтік көмек алатындардың есеп беруі жөнінде де айтып өтті.

«Заңға сәйкес арнайы қызметкерлер атаулы әлеуметтік көмек алған отбасылардан ақшаның қайда жұмсалғаны жөнінде есеп алуға міндетті. Бірақ бұл жәрдемақыны тек шартты түрде алғандарға ғана байланысты. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандар есеп тапсырмайды», - деді Беласаров Дархан өз сөзінде.

Айта кетейік, осының алдында атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында табысын жасырғандарға шара қолданатыны жөнінде хабарлаған болатынбыз.